Көкшетауда Ақмола облысындағы үздік журналистер марапатталды
Олардың қатарында аймақтық және республикалық БАҚ өкілдері бар.
Сондай ақ, осы күні баспа және интернет басылым саласындағы үздіктер мен репортаж және мақала авторлары анықталды.
Салтанатты шараға өңір жаңалықтарын аймақ және республикалық деңгейде жарыққа шығаруға атсалысып жүрген тілшілер жиналды. Қазіргі күні облыста жетпістен аса бұқаралық ақпарат құралы бар. Онда қызмет ететін жүздеген журналист сан түрлі ақпараттың дер кезінде таралуы жолында аянбай тер төгіп жүр.
Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:
- Баспасөз, теле және радио хабарлар, интернет басылымдары сіздер мен бізді күнделікті соңғы жаңалықтармен хабардар етіп, заман көшінен кеш қалмауымызға көмектеседі. Журналист дегеніміз жаршы да қорғаушы да, кеңесші де. Сіздердің кәсіптеріңіздің өкілдері белсенді әлеуметтік ұстаным иелері. Озық идеялардың бағыттаушы күштері.
Шараның ең бір шырайлы сәті ол әрине сала үздіктерін марапаттау болғаны рас. Бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп жүрген ардагерлер еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Бұл күні сондай ақ «Арқа төрі – Ақмола» атты байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыс әкімінің арнайы сыйлығын иеленді.
Рахия Әлібек, журналистика ардагері:
- Жалпы алғанда қазіргі журналистердің қадамына, мәселені көтеруіне, беретін тақырыптарды жақсы толық игергендеріне жақсы ризамын.
Ермек Елберген, журналист:
- Журналистердің орны ақпарат таратуда шынайы, дәйекті нақты ақпарат таратуда журналистердің алатын орны зор деп есептеймін. Ақмола облысындағы әріптестер де одан кенде қалып жатқан жоқ.
Мереке қарсаңында биыл мерейтойын атап өтетін бірнеше аудандық баспа басылымдары да бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кету керек, бұл басылымдар да саладағы қатал бәсекеге төтеп беріп, аймақ тұрғындарына сапалы әрі нақты ақпарат таратып келеді.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко