Қазақстанда өндіріс пен ғылымның арасын байланыстыратын көпір жоқ

Сол себепті ауыл шаруашылығы құрылымдары мен ғылым өз бетінше дамып жатыр.

Бұл өнімділікті арттыруға кері әсер етіп отыр. Талдықорғанда өткен «Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» атты семинар-кеңесте Ақылбек Күрішбаев осылай деді. Жиында шаруаларға аталған саланы қарыштатып дамытуға арналған жаңа технологиялар таныстырылды. Онда еліміздегі элиталық тұқым шаруашылықтарын көбейту, химиялық өңдеусіз өнім өндіру мәселелері де қызу талқыланды.

«Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин» ғылыми зерттеу институтының қызметкерлері семинарға қатысушыларға Колорадо қоңызымен күресудің ең тиімді әдіс-тәсілін ұсынды. Ол үшін институт подизус атты жыртқыш қандалаларды өсіруге кіріскен. Оны картоп алқаптарына жіберсеңіз, Колорадо қоңызы аз уақыттың ішінде жойылып кетеді», - дейді ғалымдар.    

Бақытжан Дүйсембеков, Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы:

- Бұның енді ұрғашысы мен еркегін жібере аламыз. Көп болса, бір 200 теңгеге айналады. Бір гектарға мүмкін 20 мың теңге кетер, анау санына қарай. Ал сіз химиялық препаратқа оны 10-20 мың теңгелеп препаратын сатып аласыз, оған қоса оны шашуға ақша бересіз, былайша айтқанда, ол еселеп қымбат болып шығады. Ал мұның бір жақсы нәрсесі табиғатта өзінің ұрпағын қалдыра алады тағы да. Колорадо қоңызының ары қарай көбеюіне жол бермейді.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:

- Аграрлық ғылымда не бар? Не өндіріске дайын енгізуге? Соны біз зерттеп көрдік. Сөйтсек, біраз нәрсе бар қазіргі өндіріске енгізетін, жіберетін. Бірақ, өкінішке қарай, көпір жоқ арасында, байланыс жоқ. Өндіріс өзімен өзі, ғылым өзімен өзі. Сондықтан біздің Ғылым академиясының негізгі мақсаты – осындай жобаларды алып, әкімдерге көрсетіп, фермерлерге көрсету. Осы жетістіктермен таныстырдық.