Еліміздегі нейрохирургия мамандары жылына 30 мың операция жасайды
Астанада Қазақстан нейрохирургтарының V Конгресі өтті.
Ұлттық нейрохирургия орталығының 15 жылдығына арналған жиында жаңа технологиялар, қызметті ұйымдастыру, бөлімшелерді жарақтандыру стандарттары мен маман даярлау жайы талқыланды. Еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов орталықтың 2008 жылдан бергі жұмысын қорытындылады.
Кейінгі 15 жылда елде нейрохирургияның жаңа бағыттары пайда болды. Микронейрохирургия, эндоваскулярлық нейрохирургия, тамырлы патологияларды емдеу, омыртқа мен жұлынның зақымдануы кезіндегі реконструктивтік операция, ісіктер мен мидың басқа да патологиясы кезінде нейромодуляция және нейронавигация жүйелерін қолдану бойынша 70 инновациялық технология енгізілді. Қырық мыңнан астам операция жасалды.
Серік Ақшолақов, медицина ғылымдарының докторы:
- Біріншіден, нейрохирургияның Қазақстандағы орталықтарының дамуы, жаңа заманауи технология аппараттарымен қамтамасыз етілуі және де нейрохиругия көлемінің үлкеюі, болашақ нейрохиругтерді дайындау туралы үлкен алдымызда жоспар бар.
Отандық нейрохирургия қызметі Ұлттық орталық пен 39 облыстық және қалалық ауруханалар базасында орналасқан 51 бөлімшеден тұрады. Дегенмен, әлі де бірқатар түйткіл бар. Мәселен, аймақтарда арнайы төсек орындар жеткіліксіз. Балалардың нейрохирургиялық жатын орны тіптен аз. Кейбір өңірде мүлдем жоқ.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Әсіресе мынау облыстық деңгейлердегі, аудандық деңгейдегі орталықтарды стандартқа жеткізу жағдайлары. Қазір бүкіл ел бойынша 71 инсульттық орталықтар бар. Көптеген аудандарда инсульттық орталық ашу көзделіп отыр. Осы 2 жылдың ішінде 32 аудан орталығында инсульттық орталықтар ашылды. Ол жерде тек нейрохиругтар емес, компьютерлік томографпен, МРТ-мен жұмыс істейтін мамандар.
Жаңылсынның өмірінде қазақстандық нейрохирургтардың алар орны ерекше. 2008 жылы жүктілігінің 8-айында ауыр диагнозбен төсек тартып қалған. Дәрігерлер күрделі операция жасап, болашақ ана мен сәбиін аман алып қалды. Аурухана қабырғасында Ерасыл есімді ұлы дүниеге келді.
Жаңылсын Өтешева, ҚР Ұлттық нейрохирургия орталығының пациенті:
- Екі ай көлемінде нейрохирургия орталығында жаттым. Оң аяғым, оң қолым жұмыс жасамады. Сол жерде үлкен лечениелер алдым. Соның арқасында үйге өз аяғыммен шығып кеттім. Қазір ұлым 15-ке толады. Үш баланың анасымын. Екі ұлым, бір қызым бар.
Қазір елімізде жылына 30 мыңға жуық операция жасалады. Жүктеме артқанымен білікті нейрохирург та көп. Бұл жұмыс сапасы мен дәрігерлердің кәсібилігін байқатса керек.
Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы