Қарағанды облысындағы жедел жәрдем жүргізушілері біліктілігін жетілдіреді
Қарағанды облысындағы жедел жәрдем жүргізушілеріне жуырда қосымша міндет жүктеледі.
Енді олар тек көлік тізгіндеп қоймай, қажет болған жағдайда дәрігерлерге көмектесетін болады. Тамыз айынан бастап өңірдегі барлық жүргізуші медициналық колледжде екі апталық курсты оқып, біліктілігін жетілдірмек.
Ерсін Тілеубердиновтың жедел жәрдем жүргізушісі болып еңбек еткеніне екі жылдан асқан. Бір тәулікте орташа есеппен 15 шақырту алады екен. Бұған дейін оның міндеті тек дәрігерлерді науқасқа жедел жеткізу болса, енді қосымша міндет жүктеліп отыр.
Ерсін Тілеубердинов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Енді мындай жағдай болып қалады ғой, кейде жол апатынан 2-3 адам жарақат алады. Қарап тұрмаймыз ғой біз де, білгенімізше жәрдем беріп, басқа бригада келгенше көмектесеміз, сол үшін керек деп ойлаймын.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, кез-келген жедел жәрдем жүргізушісі алғашқы дәрігерлік көмекті көрсете білуі тиіс. Ол үшін жаппай біліктіліктерін жетілдіру керек.
Вячеслав Рогозин, оқу-симуляциялық орталығының басшысы:
- Реанимацияны білу керек, иннекцияларды білу керек, негізгі фармакологиялық курсты білу керек. Қандай дәрілерді болады, қандай дәрілер болмайды.
Екі апталық курс аймақтағы медициналық колледждің базасында өтеді. Жүргізушілер әуелі теорияны оқып, кейін тәжірибе жүзінде үйренеді. Алғашқы жүз адам тамыз айында қабылданбақ.
Саттар Әбдіғұлов, жоғары мейіргерлер колледжінің директоры:
- Институционалдық аттестациядан өткенбіз. Бүкіл базаларымыз бар. Теориялық дайындауға, практикалық дайындауға, сонымен қатар бізде мынау симмуляционный центр да дайын. 120 сағаттық оқу көзделінген жұмыскерлерге. Егер де тесттен өте алмаса қайтадан дайындаламыз да ол жұмыскерлерді қайтадан өткіземіз, әбден үйренгенге дейін.
Келешекте дәл осындай оқу курстарын тәртіп сақшылары мен төтенше жағдай қызметінің құтқарушыларына, әуежай және теміржол қызметкерлеріне де өткізу жоспарда.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар