Алматыдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады
Алматы қаласы әкімдігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, сәулет және құрылыс саласына жемқорлық тәуекелдері бойынша талдау жүргізді.
Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының тапсырмасымен осы жылдың сәуір айында басталған. Бүгін Алматыда өткен қоғамдық кеңес отырысында оның бірқатарының қорытындысы шығарылды. Атап айтқанда, тау бөктеріне жеке үйлер, тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандарды салу кезінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қарастырды.
Жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес келмеуі, келісілген құжаттағы талапты сақтамауы және әкімшілік тарапынан тиісті бақылаудың болмауы жемқорлық тәуекелдеріне әкеп соғады. Талдау ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкелетін заңнамадағы қайшылықтарды көрсетті. Бұл жайында қоғамдық кеңесте айтылды.
Әлішер Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары:
- Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұрынғысы 2002 жылы қабылданған. Біз 20 жыл бойы соны қолданып келдік. Ал 2011-2014 жылдар аралығында қала аумағы екі есеге ұлғайды. Бүгінде 52 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қажетті әкімшілік шаралар қабылданды. Сот 8 нысанды бұзуға шешім шығарды. Жұмыс әлі жалғасады.
Алматы әкімдігі нормативтік-құқықтық базаға бірқатар түзетулер енгізу туралы бастама көтерді. Атап айтқанда, бұл қаланың орталық бөлігінде «нүктелі құрылысқа» тыйым салу, қала құрылысы құжаттамасын түзету үшін мораторий енгізуге және «шұғыл ден қою» ұғымына қатысты. Оған қоса, жер комиссиясы институты таратылып, барлық деректер қаланың цифрлық картасына енгізіледі.
Мұрат Сейітжапар, ҚР СЖҚІҚА аса маңызды істер жөніндегі офицері:
- Заңсыз тұрғызылған үйлер бойынша біз уәкілетті органдарға тиісті осы талдаудың нәтижесінде ұсыныстар енгіздік. Сол ұсыныстардың орындалуын біз бақылауға аламыз. Енді жергілікті атқарушы орган, әкімдік бұл мәселелерді шешу жөніндегі іс шаралар жоспарын әзірлейді.
Айта кетейік, Алматының жаңа бас жоспарында тау бөктеріндегі бос жатқан жерлер түгелдей құрылыс салу қарастырылмаған, демалыс аймақтарына берілді. Бұл 229 гектар жер.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев