Оралда әлеуметтік оңалту орталығы салынады
Оралда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы салынады.
Жоба 150 орынға есептелген. Дәл осы қызмет түрін алу үшін өзге өңірлерге жол жүріп, сарсаңға түскен мүгедектер енді көп ұзамай облыс орталығында емделе алатын болды. Онда шалғай ауылдан келген тұрғындарға стационарлық орындар қарастырылған. Ғимарат жаңадан салынып жатқан шағын ауданда бой көтереді. Аймақта ерекше қажеттілігі бар 24 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 3 мыңға жуығы балалар.
Ділдаш Ысқақова, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
- «Ақжайық» шағын ауданынан 5,8 га жер учаскесі қарастырылып, қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Әлеуметтік оңалту орталығының ашылуы жаңа технологиялармен жабдықталған әлеуметтік оңалту қызметін алуға мүмкіндік береді.