Астанада Журналистер аллеясы ашылды

Елорданың 25 жылдығына орай Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Журналистер аллеясының салтанатты ашылу рəсімі өтті.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі мен қала әкімі қатысты. Аллеяда баспа саласы қызметкерлерінің құрметіне арнап стелла бой көтеріп, тілші мен оператордың арнайы мүсіндері орналастырылған. Бұл жер бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосып, ортақ жетістіктерімізді атап өтетін бұқаралық-мəдени шаралар өткізетін алаңға айналмақ. 

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Биыл елорданың 25 жылдығы, Астананың мерейлі белесі. Елордамыздың еңселі болуына біздің журналистер, ардагерлеріміз еселі еңбек етті. Қаламгерлер, жазушылар аллеясымен жалғасып жатқан журналистер аллеясы біздегі ұлттық баспасөздің сабақтастығын көрсетеді.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

- 25 жылдың ішінде елордамыз тек ғана әкімшілік орталық емес, шығармашылық, мәдени және рухани орталыққа айналды. Журналистика қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосатын зор жауапкершілікті қажет ететін бірегей кәсіп. Күн сайын тұрғындарға өзекті тақырыптар мен маңызды ақпараттарды жеткізіп жүрген мамандардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Осы ретте журналистер аллеясының бас қаламызда бой көтеруі ол заңды құбылыс деп санаймын.