Оралдан Астана мен Алматыға ұшақпен бару қиын

Өйткені рейстер санаулы ғана, оның өзі тек түнгі уақытта ұшады.

Әрі ұшақтардың сыйымдылығы аз, билет құны қымбат. Сол билеттің өзін таппағандар көршілес Ақтөбе, Атырау қалаларына автокөлікпен барып, сол жақтан ұшады. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитетінің төрағасымен кездескен облыстық мәслихат депутаттары батысқазақстандықтардың осы базынасын жеткізді. Депутаттардың айтуынша, тұрғындар саны қарайлас Атыраудан  Астанаға аптасына 24 рейспен 13600 жолаушы қатынайды. Ақтөбеден 26 рейспен 18 мың жолаушы шықса, Оралдан небәрі 11 рейспен 3168 ғана жолаушы сапар шегеді екен. Ал Орал халықаралық әуежайының мүмкіндігі бұдан 3-4 есе жоғары .  Комитет төрағасы Талғат Ластаев болса, рейс пен жолаушы санын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс реттейтінін айтып ақталды.

Талғат Ластаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

- Тамыздан бастап компаниялар тағы да рейстер қосады. Әуежай басшылығы да айтты. Тамыздан бастап рөлдеу жолы және перронды жаңарту жұмыстарын бастайды. Екі ай. Тамыздан бастап орташа 20 пайызға үлкейеді.

Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат төрағасы:

- Қанағаттандырған жоқ ешқандай жауаптары. Бірақ біздер өз талаптарымызды қойдық. Бір ай ішінде кем дегенде қосымша бір-бір рейс ашылмаса, осы мәселені ел президенті және үкімет басшысына тікелей осы мәселені жолдайтын боламыз. Біздің қойып отырған басты талабымыз - әуе комитеті төрағасы бір ай ішінде осы мәселені қолға алып, авиакомпаниялармен келіссөздер жүргізіп, кем дегенде екі есе ұлғайту.