Елде энергетикалық қауіпсіздікке басымдық беріледі
Еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласында энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлінеді.
Бүгін Атырау облысына арнайы келген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. Ол Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, кешегі апаттан кейін өндірісті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Зауыт базасында батыстағы мұнай компаниялары басшыларымен селекторлық жиын өткізіп, тиісті тапсырмалар берді.
Кешегі оқыс оқиғадан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірісті қалпына келтіру жұмыстары дереу қолға алынды. Бүгін энерго ресурстармен қамтамасыз ететін қондырғылар іске қосылды. Сондай-ақ, кешеден бері каталитикалық крекинг технологиялық қондырғысы реттеле бастады. Ол қазір ыстық айналымда тұр. Енді сутегі шығаратын қондырғы жөнделіп жатыр.
Мұрат Досмұратов "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС бас директоры:
- Кеше түнгі сағат 1-де компрессорлық қондырғыларды іске қостық. Енді сутегі өндіретін қондырғының іске қосылуын күтіп отырмыз. Егер ертең сағат 12-де сутегі өндірісін жолға қойсақ, арғы күні технологиялық қондырғылар толық қуатына жетеді.
«Кешегі апатты жағдай салдарынан «Ембімұнайгаз» компаниясына қарасты 33 кен орын жұмысын тоқтатқан. Оның 16-сы әлі іске қосылған жоқ. Ал «Қаражамбас» мұнайға қарасты кен алаңдарын қуатпен қамту әлі 5 пайыз шамасында. Сондықтан мұнай-газ өнеркәсібін электр энергиясымен жабдықтаудың жаңа мүмкіндіктерін іздестіру керек», - деді Мағзұм Мырзағалив.
Мағзұм Мырзағалиев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Осы мәселені шешу үшін «Өзенде» үлкен электр стансасын саламыз деген жоспарымыз бар. Біз 3 апта бұрын итальяндық «ЕНИ» компаниясымен сондай бір келсімге қол жеткіздік. Енді әрине, осындай жағдай жалғасып жатса, бізге басқа да да кен орындарында сондай салу керек болады. АМӨЗ қатысты айтатын болсақ, осындай жоспарымыз бар қазір тиісті зерттеулерді бастадық.
Электр желілеріндегі ақаулардан соңғы 2,5 жылда отандық мұнай компанияларында 279 мың тонна мұнай өндірілмей қалды. Ал өндірістерді қайта іске қосу жұмыстарына жұмсалған шығын 60 млрд теңгеден асады. Осындай олқылықтарды ескеріп Мағзұм Мырзағалиев кен орындарында баламалы ток көздерін қарастыру тапсырмасын берді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев