СҚО-дағы Ставрополка ауылына су тартылды
Солтүстік Қазақстан облысы Ставрополка ауылына су тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Республикалық бюджеттен ол үшін 760 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Енді жергілікті тұрғындар тіршілік нәрін құдықтан тасып ішпейтін болды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ставрополка ауылының шетінде осындай бірнеше құдық бар. Жергілікті тұрғындар жылдар бойы тіршілік нәрін осы жерден алып ішті. Енді ол күндер артта қалды.
Жаңагүл Жалбырдың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін суды құдықтан тасып ішкен ол енді олай қиналмайтын болды. Ставрополка ауылының тұрғыны тіршілік нәрін үйіне дейін тарқызып алған.
Жаңагүл Жалбыр, Ставрополка ауыл тұрғыны:
- Бұрын, міне, су болмады бізде. Бірақ су тасығышпен келетін су. Суды әкеледі малға, бақшаға. Ішетін суды құдықтан алатынбыз, үйдің жанында бар. Енді қазір жақсы болды су келгелі. Енді, міне, автомат сатып алып қоямыз. Ішетін су да жақсы болды енді.
Ставрополка ауылында 200-ден аса үй бар. Елді мекенде сонау кеңестік кезеңде салынған су желілері тесіліп шіріп кеткен. Сондықтан былтыр барлық көшеге 14 шақырым жаңа құбыр тартылды.
Қолдас Базаров, учаске басшысы:
- Бұдан 5 шақырым жерде 2 скважина жұмыс жасап тұр. Мынау екінші – «подъем насосный». 3 резервуар 100 кубтан 300 кубқа, сосын ауыл ішінде 231 абонент. Соның енді бізге тапсырылған үйлердің бәріне су жібердік. Қазір автоматты режимде бәрі жұмыс жасап тұр.
Бұл жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Оның орындалу барысымен Парламент Сенатының депутаттары танысты. Халық қалаулылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, басқа да мәселелерін тыңдады.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Әрине, бұл – жаңағы жол мәселесі. Әсіресе мынау республикалық деңгейдегі үлкен жол тораптарына ерекше көңіл бөліп отыр. Одан кейінгісі, мынау су мәселесіне келгенде соңғы жылдары ауызсу мәселесіне жақсы қаржы бөлініп жатыр. Бірақ дегенмен кейбір ауылдарға әлі де су жеткен жоқ. Сондықтан да шағын ауылдардың тұрғындарды осы мәселені көтереді.
Биыл облыс бойынша су мәселесін шешуге 18 млрд теңге бөлінді. Оның игілігін 31 ауылдың тұрғындары көруі тиіс.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.