Бағбандар елорданы гүлмен көмкерді

Астананың 25 жылдығына орай, кеше Экспо алаңында басталған "Гүл Астана EcoUrban Open Air" фестивалі жалғасып жатыр.

Мерекелік байқауға қазақстандық суретшілер, қолөнер шеберлері мен бағбандар қатысты. Олар елорданы гүлмен көмкеру бойынша өзара сайысты. Креативті жастар пластиктен түрлі дүниелер жасап, қоқысты кәдеге жаратудың қыр-сырын үйретті. Мұнан бөлек жұртты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға ынталандыратын түрлі науқандар өтіп жатыр. Ал арнайы қойылған "Жасыл карта" арқылы әр келуші қалаған ауданын көгалдандыру бойынша өз ұсынысын білдіре алады. Кейін бұл талап-өтініштерді урбанистика орталығы ескеріп, қала жоспарына енгізуі мүмкін.

Айта кеткен жөн, іс-шараның өтуіне қала әкімдігі ұйытқы болды.

Әлия Ерғали, іс-шараны ұйымдастыру тобының өкілі:

- Бұл шараға көбіне Астана қаласының урбанистері, тұрғындары, флористері, неше түрлі талантты жастары атсалысты. Сонымен қатар басқа өңірлердің флористері, экологтар, қайта өңдеу мәселелерін қарастыратын адамдар қатысты.