Ақтөбе облысындағы топан судан зардап шеккендердің шығыны өтелді

Ақтөбе облысындағы көктемгі су тасқынын зардап шеккен елді мекендерде төтенше жағдай режимі әлі күшін жоймаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ауылда тұрғындардың тұрмысын қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Облыстық бюджеттің резервінен қаражат бөлініп, тілсіз жау, үй-жайын қиратқан отбасыларға өтемақы төленген.

Нәсифа Алдрабекова топан су түн ішінде, тұтқиылдан келді дейді. Абдырап қалған ауыл тұрғындары қолдарына құжаттарын ғана алып үлгеріпті. Саманнан соғылған баспананы жарты сағат ішінде су басып, тұруға жарамсыз боп қалған.

Нәсифа Алдрабекова, Қобда ауылының тұрғыны:

- Үлгеретін заттарды алып шықтық, үлгермеген заттар судың астында қалып қойды. Жарамсыз болып қалды. Киімдерді өртеп жібердік. Жиһазды енді, жөндейтінін жөндейміз, жөндемейтіні жарамсыз.

Табиғаттың тосын мінезінен далада қалған Алдрабековтер отбасы 2,5 ай өте қоныс тойын тойлап үлгерді. Облыстық бюджет есебінен салынған баспананың біріне көшіп келген. Бұл мақсатқа төтенше жағдайға сақталған резервтен 860 млн теңге қаржы бөлінген. Жаңадан бой түзеген көшеге орныққан тұрғындар тұрмысын қайта жандандыруға кірісіпті.

Жаңабай Алдрабеков, Қобда ауылының тұрғыны:

- Ауылдық жерде тұрғасын мал ұстау керек, құс ұстау керек, сол, сарай саламыз, жаз үй саламыз. Бір «кладовка» керек, «дүшты» салып қойдым. Сондай бір тіршіліктер. Құдай сақтасын енді бұл жерге су келмейтін шығар енді.

Көктемгі су тасқынында Қобда ауылының 104 отбасы зардап шеккен. Олардың 30-ына жаңа үй салынды. Әрбір баспана құны шамамен 28 млн теңгеге бағаланып отыр.

Қанат Мыңбаев, Қобда ауданы әкімінің орынбасары:

- Әрбір үй 100 шаршы метрден, бір пәтерлі үйлер. Екі пәтерлі үйлер 75 шаршы метрден. Бүгінде халыққа толығымен берілді. Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі әлі жойылған жоқ. Қазіргі уақытта сауықтыру жүріп жатыр.

Баспанасы топан суға төтеп берген тұрғындарға үй жиһаздарының шығыны өтелген. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 358 млн теңге қаржы бөлінді. Ендігі міндет – еріген қар суы басқан мектеп пен спорттық нысанды қалыпқа келтіру.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.