БҚО-дағы Соркөл кемеріне келді
Батыс Қазақстан облысында суы тартылып, таязданып қалған Соркөлдің жайы биыл көз қуантады.
Мұнда тіршілік нәрі трансшекаралық өзен арқылы келеді. Шипалы көл - сан-алуан тері ауруларына ем. Арнасы қайта толғалы жағалауға өзге аумақтардан келетін демалушылар көбейген.
Соркөл Жаңақала ауылына тиіп тұр. Жұртшылық жаз басталғалы осы жағалауға жиі келеді.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Небір дертке дауа іздеп талай адам алыстан осы жерге ат артып келетін. Соңғы жылдары су тартылған кезде туризм де тұралап қалған еді. Енді қайта түлей бастады.
Блиц:
- Біздер Қырқопа ауылынан келіп отырмыз. Балаларымызбен бірге суға түсейік деп демалып. Әйтеуір былтырғыдай емес биыл су жақсы, мол келді.
- Бірінші рет келіп тұрмыз негізі балалармен. Балшығы жақсы ғой. Балалар үстіне жағып жатыр ем болады деп. Су да керемет.
- Су бәрі жақсы. Енді осы жерге жақсы жағдай болса, өте күшті болар еді. Шағын киінетін, сосын балаларға ойнайтын тағы нелері болса, жақсы болар еді.
Соркөлдің суы өте тұзды. Өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев бұрын халықтың осы көлден таза ас тұзын алғанын айтады.
Тыныштық Өтешқалиев, өлкетанушы:
- Сорды ежелден қазақ энциклопедиясында киелі орындар қатарына жатқызады. Соркөлдің солтүстік жағында бір сор тұр. Тұзы бетіне шығады. Тұзын пайдалануға болады. Бұл таза ас тұзы. Формула натрий-хлор 2 деген. Қазір ас тұзына салмайтын нәрсе жоқ. Бәрін де салып жатыр. Бұл дұрыс емес. Әбден 40 күн шілде түсіп, тұз төрт еліге жетіп, барып қазып, ойып, қамысқа аппақ тұзды дайындап алған. Бұл таза организмге қажет пайда, формула.
Көлге су Жайық арқылы келеді. Биыл ол өзеннің де жағдайы айтарлықтай жақсарып, төменгі ағысындағы төрт ірі су қоймасы толған.
Рауан Құсайынов, "Қазсушар" РМК ОФ директорының м.а:
- Жайық-Көшім жүйесіне тасқын судың кіретін көлемі көбейіп, жүйеге ең көп судың шығыны 90 кубқа дейін жеткен болатын. Соған байланысты біздер Жайық-Көшім жүйесіндегі су қоймаларын толтырып, сонымен қатар жүйеде орналасқан көлтабандар, суармалы жерлер, экологиялық мақсаттағы жерлерге су берген болатынбыз. Шамамен Соркөлдің көлемі 55 млн кубты құрайды. Қазіргі уақытта су 50 млндай шамамен бар деп есептеп отырмыз. Сол где то 85 пайыздай.
Енді көлдің жағалауында инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бірақ әкімдік өкілдерінің айтуынша, әзірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер табылмаған.
Ақан Қапанов, Жаңақала ауылдық округінің әкімі:
- Біздер кәсіпкерлерді қолдауға әзірміз. Бұл бойынша кәсіпкерлерге жалға беруге, т.б. өздерінің қызығушылығына байланысты барлық нәрсені жасап беруге дайын екенімізді мәлімдеймін. Көлге су келмей қала ма деген қауіптің бар болуына байланысты кәсіпкерлер әзірге қызығушылық танытпай отыр.
Дейтұрғанмен бұған екі-үш жыл қатарынан су келетін болса, кәсіпкерлер өзінің қызығушылығын танытады деп ойлаймын.
Ал сала мамандары көлдің су деңгейі келер жылы тағы көтеріледі деп болжап отыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов