Қостанайда көпқабатты үйдің құрылысы уақытша тоқтатылды

Қостанай қаласында тоғыз қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы уақытша тоқтатылды.

Оған өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп. Тексеріс жүргізген мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бір ай ішінде аталған кемшілікті жоюды міндеттеді. Ал құрылыс компаниясының өкілдері бақылаушы органның бұл шешімімен келіспейді.

Мынау орталықта салынып жатқан көп қабатты үйдің құрылысы қазір тоқтап тұр.  Шағым бойынша тексеру жүргізген сәулет-құрылыс басқармасы бұл нысан мен көрші үйлердің арасында өрт қауіпсіздік қашықтығы сақталмаған деген кінәрат тапқан.

Юрий Урманов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Өткен жыл бойы жоба әзірленіп, ол барлық қызмет өкілімен келісілді. Мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді келіп, ара қашықтық сай емес дейді. Мен сонда тұрғызылған үйдің жартысын басқа жаққа бұруым керек пе?

Қазір бар жұмысымыз тұралап тұр. Құрылыстың бір күнге тоқтауы бізге кемі 10 миллион теңге шығын әкеледі.

«Құрылыс жобасында міндетті түрде сол маңдағы үйлердің отқа төзімділігінің шекті деңгейі көрсетілуі қажет», - дейді мамандар. Бұл көрсеткіш өрт қауіптілігіне қарай 2-ден 5-ке дейінгі санмен белгіленеді. Соған байланысты үйлер арасындағы қашықтық анықталады. Ал жобаны жасаушы тарап көршілес баспаналардың отқа төзімділік шегін 2 деп көрсеткен. «Бақылаушы орган өкілдері одан жоғары», - дейді. Арадағы келіспеушілік осыдан туындап отыр  

Ерлан Қарғын, жобалаушы компания өкілі:

- Жобалаушы адам көрші үйлердің отқа шыдамды шегін қалай анықтайды? Сол негізгі түйткіл. Ешқандай нормативті анықтама, тұрғын үйлердің техникалық сипаттамасының ашық базасы жоқ. Сондықтан көзбен жобалап жазамыз.

Бақылаушы органның әрекетін құрылыс компаниясының өкілдері қисынға келмейді деп жазғырады. «Өйткені жұмысты тоқтатындай олардың қолында арнайы жасалған сараптама қорытындысы жоқ. Келтірген айыптары дерек-дәйексіз», - дейді. Ал сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары олай болса, мәселені сот арқылы шешуді ұсынды.

Самат Мәдиев, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

 - Біз сараптама жүргізбейміз. Әр үйдің техникалық құжатына қарап, арадағы өрт қауіпсіздігі қашықтығын анықтаймыз. Егер біздің шешіммен келіспесеңіз, сотқа шағымдануға құқыңыз бар.

Дөңгелек үстел басына жиналған қос тарап ортақ мәмілеге келе алмады. Ақырында атқарушы билік пен заң шығарушы орган бірлесіп, бұл мәселенің шешімін табу керек деген ой түйіп, тарқасты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг