БҚО-да түйе шаруашылығына қолдау қажет

Еліміздегі ең малды аймақтардың бірі Батыс Қазақстан облысында түйе шаруашылығын қолдау жағы кемшін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтындағы ресми ақпаратқа сүйенсек, Орал өңірі мүйізді ірі қара саны жөнінен екінші, жылқы басы жөнінен үшінші орында тұр. 2 миллионға жуық қой-ешкі де бар. Алайда төрт түліктің ішінде ойсылқара тұқымын өсіру ісі облыста кенжелеп қалған. Егер елімізде 270 мыңдай түйе болса, соның жүзден бірі ғана батысқазақстандықтардың еншісінде екен.

Маң-маң басқан, маң басқан, шудаларын шаң басқан мына маңғаз жануарлар қазақтың асыл тұқымды бактриан түйесінің Орал-Бөкей типіне жатады. Ешқашан қолға қарап көрген емес. Қыста құм Нарынның қойнауында, жазда қырда жайылып, сордың етегінен ащылайды. Көкпекті, тікенді талғажау қып жүре береді, жегенін өркешіне жинайды. Қатты ыстықта болмаса, былай уақытта құдыққа аптасына бір келеді екен. 

Рауан Мұхамбетчин, қожалық жетекшісі :

- Қазақ бактрианы Қазақстандағы, жалпы Жер шарындағы қос өркешті түйенің ең ірісі болып есептеледі. Орташа салмақпен алғанда элиталар 500, тірілей салмағы 600 келі салмақ болады інгендерінде. Еркектерінде салмағы көбірек болады. Жалпы үлкен тайлақтар, атандар тірілей салмағы тоннаға барады. Одан асып түскен кездер де болған.

Бөкей Ордасы ауданындағы бұл шаруашылықта 300-ге жуық асыл тұқымды түйе бар. Жануардың еті мен шұбаты мың бір дертке шипалы, шудасы пайдалы. Осыған қарамастан өңірде түйе саны өспей отыр. Себебі қолдау кемшін. Шұбатқа субсидия төленбейді, шуданы ешкім керек қылмайды. Жүн өтпегесін шаруалар түйені күземейді де. 

Венера Төлегенова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Облыста 2900 бас түйе тіркеліп отыр. Оның 289 бас асыл тұқымды,  кәдімгідей асыл тұқым мәртебесін алған. Жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен асыл тұқымды түйе және жылқы сатып алуға тек аталығына 100 мың теңге төленеді бір басына.

Облыста түйе шаруашылығын дамыту үшін сиыр мен қой секілді асыл тұқымды аналық басқа демеуқаржы беру керек, деп санайды шаруалар. Сонда түлік төресіне қызығушылар қатары артар еді.

Рауан Мұхамбетчин, қожалық жетекшісі:

- Тап сондай ірі қараға секілді субсидия болса, түйе малының аналығын алар еді халық. Алса, біздер аналықты халыққа пайдалану үшін берер едік, сатар едік. Ал қазіргі таңда біздер аналығын да, аталығын да, бәрін де етке жіберіп жатырмыз. Қазақ бактриан түйесі генетикасы қалғаны, өскені жақсы ғой. Ел үшін жақсы. Түйеде осындай сұрақтар бар.

Еліміздегі барлық жайылымдық жердің 60%-тен астамы шөлейт жерлер екен. Міне, сол аумақты түйе шаруашылығын дамыту арқылы тиімді пайдалануға болады. Ол үшін мемлекет қолдауы күшейсе, - дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.