Қостанайда газ құбырларына жөндеу жүргізіледі
Қостанай облысы тамызда көгілдір отын желісінен ажыратылады.
Себебі осы уақытта «Қарталы-Рудный» магистралды газ құбырында жөндеу жүргізіледі. Дәлірек айтсақ, 2 учаскеде ескірген құбырлар мен құбыржолдық бекітпе арма-туралар жаңа-ланады. Газ желісінің қолданыста келе жатқанына 60 жылға таяды. Былтыр тексеру жүргізіліп, таттанған құбырлар ауыстырылды. Бұл кезде елдімекендерге көгілдір отын тоқтаусыз берілді. Ендігі жұмыс та осы схемамен атқарылмақ. Тек кәсіпорындар ғана газдан ажыратылады. Бұл тізімде машинақұрастыру зауыттары, диірмен-наубайханалар және коммуналдық мекеме бар. Сондай-ақ облыс орталығында ыстық су 10 күнге тоқтайды.
Алмат Гапбасов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Тамызда Қостанай өңіріне қосымша мың тонна сұйытылған газ бөлу жөнінде энергетика министрлігімен келісілді. Әзірге 500 тонна бөлу мақұлданды. Мұндай кезде электр желілеріне түсетін жүктеменің артатыны белгілі. Сол үшін энергомекемелер қызметі штаттан тыс жағдай болған сәтте шұғыл әрекет ету режиміне ауыстырылады.
Мира Казкеева, "Қостанай қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы" ММ басшысы:
- 15 наубайхананың алтауы газ жағады. 4 наубайхана токқа ауысып, қалған екеуі жұмысын тоқтатады. Осы аралықта қалада нан өнімдері тапшылығын болдырмау үшін басқа наубайханалар артық көлемде шығарып отырады.