Қызылорда облысында бақшалық жер ұлғайып келеді
Биыл Қызылорда облысында тұрғындар егін егуі үшін 3 мың 342 гектар жер дайындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Топырағы тегін жыртылып, тегістеліп, әр алқапқа су жеткізілген. Жерден несібе теруге ниетті азаматтар тек дән сеуіп, күтімін жасайды. Жинаған өнімді сатып, пайда табуға мүмкіндік бар. Қазір осы жерге мың гектардан астам картоп, 866 гектар көкөніс, 1 мың 400 гектар бақша дақылы егілді. Ал Жалағаш ауданы бойынша бұл мақсатқа 500 гектар жер бөлінген. Қыстың қамын жаз ойлағандар кетпенін асынып, алқап басында тер төгіп жатыр. Соңғы жылдары сатып алмай, егіп аламын дейтін азаматтардың қатары көбейіп келеді. Мамандардың айтуынша, келер жылы егіс алқаптарын тағы ұлғайту жоспарда бар.
Алтынбек Дәрібаев, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап 2023 жылы бақша егетін адамдардың санын нақтылағанбыз. Ниет қылған, мен егемін дейтін осындай кісілерге біз бақшалық жер дайындап бердік. Суын, бәрін қамтамыз еттік. Өздеріңіз көріп тұрғандай алғашқы өнімдері пісуге жақын. Аудан бойынша 500 гектар жер 920 отбасыға үйлестіріліп берілді. Әрқайсысының өз қалауы бойынша, не егеді, қанша гектар егеді.