Атырауда көлік жүргізу куәлігін алуға ниеттілер ХҚКО жұмысына наразы

Наурыз айында теориялық сынақ тапсырған талапкерлер әлі күнге дейін практикадан өте алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал орталықтағы сынақ тапсыратын жалғыз көлік бәріне бірдей жетпейді.

Бұл – болашақ көлік жүргізушілердің емтихан тапсыратын алаңы. Мұнда олар автомектептен үйренгенін сарапқа салады. Сынақтан сүрінбей өткендері жүргізуші куәлігін алады. Бірақ 2-3 айдан бері талапкерлерге сынақ тапсырудың сәті түсер емес. 60 адамға жалғыз көлік берілген. Оның өзі жөндеуді қажет етеді.

Тұрғындар:

- Түнгі сағат 10-нан бастап тұрамыз кезекте. Өздері тізім жасайды. Таңға дейін сол тізім тұруы керек. Егер де сол тізім жоғалса, таңертең қайтадан кезек аласың. Көлік жетпейді, жағдайы да керім емес. Ішіндегі датчигі жұмыс істемей қалады.

- Осында сынақ тізімінде 32-іншімін. Алдымда тек 13 адам өтті. Таңғы 9-дан бері. Алдымда 21 адам бар, тағы 3-4 сағат күтемін. Көлік тек біреу, жағдайы нашар.

- Күніне тек қана 40 адам өтеді. Мен баламды орналастырып, қазір келіп тұрмын. Мен бүгін 62-ші болып тұрмын. Маған бүгін өтпейсің дейді.

Шынында да облыс бойынша көлік жүргізу куәлігін беретін мекеменің жағдайы сын көтермейді. Ереже бойынша әр талапкерге сынақ үшін 20 минут беріледі. Жалғыз көлік жағдайды қиындатып тұр. Егер көлік санын көбейтсе, 60 адам бір күнде сынақтан өте алатыны сөзсіз.

Асылбек Байденов, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ ОФ басшысының орынбасары:

- Практика жүргізу бойынша 2 автомат автокөлігіміз бар, 1 механика автокөлігі бар. Қазір механика автокөлігі жөндеу жұмысынан шықты. Екінші автомат автокөлігіміз қызмет алушы бордюрдан секіріп, автокөлікке зиян келтіруіне байланыста күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның жұмыстары 2 апта, 1 айда шығады.

Кезекте тұрғандардың алды теориялық сынақтан наурыз айында өткен. Енді білген-түйгенін ұмытып, практикалық сынақтан сүрінеміз бе деп қорқады. Жүргізуші куәлігін алғаннан кейін олардың жауапкершілігі де артады. Жалпы жүргізушілердің салғырттығынан өңірде соңғы 10 күн ішінде 3 ірі жол апаты болып, 12 адам көз жұмды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.