Қызылорда облысында су тоспалары жөнделеді
Сырдарияның деңгейі биыл да төмен.
Тіршілік нәрін ысырапсыз пайдалану үшін өңірде жыл сайын су арналары мен қашыртқылар тазаланып жатыр. Мәселен, Жалағаш ауданындағы осындай жұмыстарды атқаруға 2020 жылы 12 жарым миллиард теңге қаржы бөлінген. Ауқымды жоба биыл ақталуы тиіс. Мұнан бөлек, егінді қайтсек күйдірмейміз деген шаруалар да жаңа технологиялардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Жалағаш ауданындағы шаруашылықтардың бірі 35 гектар күріш алқабына автоматтандырылған су тоспасын орнатты. Осылайша тұқымды сепкеннен бастап, егін піскенге дейін пайдаланған тіршілік нәрінің әр тамшысын электронды жүйе арқылы есептеуге көшкен. Су деңгейі туралы ақпаратты ұялы телефоны арқылы бақылап, гидроқондырғыны қашықтан басқара алады. Жаңа технологияға иек артқан себебім аудандар арасында су бөлісуге қатысты айтыс-тартыс себеп болды, дейді шаруашылық басшысы.
Еркін Бекжанов, шаруашылық төрағасы:
- Қазір енді қырық пышақ болады ғой. Бүкіл суды Сырдария ауданы алып жатыр, дейді. Сырдарияны сөйлетсең, Жалағаш алып жатыр, дейді. Жалағашты сөйлетсең, Қармақшы,дейді. Бір-біріне сілтейді. Мұндай технологияларды енді Шіркейлі каналынан тікелей алатын тармақтарға қойса, ең құрығында, ол өте тиімді болады. Өйткені әр аудан бар, Жалағаш, Сырдария аудандарының өзіне бекітілген жерлеріне ғана су береді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аталған технологияны сынақтан өткізу тиімділігін назарда ұстап отыр. Егін науқанынан кейінгі нәтижесі мен сапасы ойдан шықса, негізгі су арналарына орнату жоспарда бар,-дейді мамандар. Сонымен қатар, Жалағаш ауданы бойынша суармалы судың жолындағы кедергілерді азайту үшін 15 мың гектардан астам егін алқабын қамтитын су арналары мен қашыртқылар тазаланып жатыр. Бұл ірі жобаға бюджеттен 12 жарым миллилард теңге қаржы бөлінген.
Алтынбек Дәрібаев, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жоба бойынша ірілі-кішілі 12,5 мыңдай тоспа жөнделеді. 300 шақырым су жүйелері, 300 шақырымға жақын қашыртқы жүйелері тазаланады. Су жүйелерін тазалау жұмыстары 90 пайызға, қашыртқы тазалау жұмыстары да 90 пайызға аяқталды. Енді қазір негізгі жұмыстар су тоспа құрылыстарын салумен жүріп жатыр. Оның өзі 70-80 пайызға аяқталды.
Ауданда күрішке қарағанда тіршілік нәрін аз қажет ететін картоп және бақша дақылдарының да көлемі артқан. Оның 18 гектарға жуығын тамшылатып суару арқылы өсіруде.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев