СҚО-да сүт бағасы арзандады

Солтүстік Қазақстан облысында сүттің сатып алу бағасы төмендеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жергілікті тауар өндірушілер шикізатты қайта өңдеу зауыттарына 205-210 теңгеден өткізіп жатыр. Оған Ресей мен Беларусь елдерінің арзан өнімдері әсер етті, - дейді кәсіпкерлер. Бүгінгі таңда нарықты негізінен импорттық тауарлар жаулап алған. Жоғары бәсекелестіктен қарапайым шаруалардың пайдасы түсіп кетті. Олар бұл мәселені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы деңгейінде көтерді.

Жалпы өткен жылы облыс бойынша 650 тоннаға жуық сүт өндірілді. Өңірде 30-дан аса заманауи тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді.

Олжас Бектасов, серіктестік директоры:

- Негізгі мәселе отандық нарықты қорғауда болып тұр. Жыл басынан бері қайта өңдеу зауыттарына тапсыратын сүттің бағасы 50 теңгеге түсті. Ол Ресей мен Беларусь елдерінің өнімдерінен арзандады.

Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы:

- Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс істейміз. Оның бәріне ортақ ережелері бар. Нарық талаптары сақтауы тиіс. Шаруалардың мәселесіне байланысты талдау жүргізіп, Үкіметке нақты ұсыныс жолдаймыз.