Елде белсіздік пен бедеулік белең алып барады
Елде әйелдер арасындағы бедеулік пен ерлер арасындағы белсіздік тең дәрежеге жеткен.
Осыған дейін науқастардың 30 пайызы ер азаматтар болса, 70 пайызы әйелдер арасында кездесетін. Мамандар демографиялық трагедия жыл сайын жасарып келе жатқанын айтады. Бұдан бөлек отбасын дұрыс жоспарламау салдарынан генетикалық аурумен дүниеге келетін тумалардың да саны көбейген.
Фариза Әшірбекова жақында үшінші баланы дүниеге әкеледі. Жасы 31-ге келген ол жүктілігін жоспарлап, әр қадамын дәрігерлермен ақылдасып отырған. Себебі алғашқы генетикалық сарапатамада сәл ауытқулар байқалған.
Фариза Әшірбекова, облыс тұрғыны:
- Бірінші генетикалық анализм дұрыс болмағандықтан учасковый врач – гинеколог осында жіберді. Екінші УЗИ жасалды, баланың ешқандай ақауын тапқан жоқ, бәрі жақсы деді. Енді үшінші УЗИ-ге келіп тұрмын. Өтпейді ғой көбі анализ, тексерулерден, негізі сол маңызды екен.
Қарағандыдағы отбасын жоспарлау орталығы жақында ашылды. Қазір мұнда күніне 200-ге жуық адам келіп қаралады. Содан-ақ елдегі демографиялық мәселенің өзекті екенін байқауға болады. Мысалы биыл облыста мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 700-ге жуық квота бөлінген. Соның жартысы өз иесін тапқан. Биыл толық емес жылда тек осы орталыққа келген екі мыңға жуық отбасының табиғи жолмен балалы бола алмайтыны анықталған.
Әлия Жүнісова, генетик-дәрігер:
- Ерлер мен әйел адамдар деңгейі бірдей болып кетті. Қазір көбінесе жастардан да көреміз. Бұл өте өкінішті жағдай. Сонымен бірге жасы үлкендер де аз емес, бізге олар да көп келеді. Потолгия ішінде гинекология, генетика, басқа анатомия бойынша да өзгерістер өте көп.
Жалпы мамандар қазіргі отбасылардың баланы жоспарламай көтеруінің теріс салдары көп екенін айтады. Осы мақсатта орталықта отбасы мектебін ашу жоспары бар. Себебі жас отбасыларды айтпағанда үлкендердің өзі ең қарапайым қажетті шараларды ескере бермейді.
Ирина Копобаева, Отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығының басшысы:
- Бұрын ірі ұн комбинаттары ұнға фолий қышқылын қосатын. Оны тұтынған адамда осы салаға қажетті витамин баратын. Қазір барлығы жекеменшік болғандықтан шығынға барғысы жоқ. Мысалы Қытайда ұнға фолий қышқылын қосу жаңа туған шақалақтар ішінде жүрек ауруын едәуір азайтқан. Біз қазір тек жүктілікті жоспарлау алдында 3 ай бұрын ең болмаса осы фолий қышқылын тұтыныңыздар деп айтудан аса алмаймыз.
Орталықта осы салаға жауапты дәрігерлер мен мамандар бар. Бұдан бөлек заманауи құралдармен жабдықталған. Жүктілік кезеңінде де ерте жоспарлау кезінде де скринингтік бақылаудан өтуге болады. Облыс бойынша жалғыз «генетикалық қызмет» осында. Ол тұқым қуалайтын ауруларды ерте анықтай алады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев