Атыраулық зейнеткерлер ағылшын тілін тегін үйренеді

Атыраулық зейнеткерлер ағылшын тілін меңгеріп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрметті демалыстағы ата-әжелер арнайы оқу орталығында тегін білім алады. Қазір 30-дан астам зейнеткер шет тілін үйреніп жатыр. Мұндай бастама облыста былтыр қолға алынған.

69 жастағы Нұрсұлу Қонақбаева осы орталықта 4 ай бойы ағылшын тілін меңгеріп жүр. Бұрын оқымаған шет тілін түсінеді және қатесіз оқи алады. Жуырда курстың екінші деңгейін аяқтап, үшінші кезеңге көшеді. Тіл үйренуге деген қызығушылық шетелге шыққаннан кейін пайда болды, - дейді зейнеткер.

Нұрсұлу Қонақбаева, зейнеткер:

- 3-4 жыл бұрын Дубайға барып балаларыммен, сонда бірдеңе сатып алайын десем өздігімінен, соған тілім жетпей қиналдым. Сол себепті осында оқуға келдім. Шет елге шыққанда жақсы, үйде немерелеріңе көмектескенде жақсы. Білмеген жерін үйретіп отырасың. Бірақ балаларымыз бізден жақсы ғой. Біздің кезімізде ағылшын тілі болған жоқ. Оқытқан жоқ мектепте.

Бұл оқу-әдістемелік орталығына 60 жасттан 75 жасқа дейінгі 30-дан астам зейнеткер келіп жүр. 10-ға жуық оқытушы білім береді. Ағылшыннан бөлек, қазақ және орыс тілдері де үйретіледі.

Сәуле Құбашева, оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

- Тілді оқыту бағдарламалары ҚР-ның стандартына сәйкес жасақталады. Оқытушыларымыз – білікті мамандар, тәжірибесі мол мамандар. Олар әр сабағына тиянақты дайындалып, оқыту әдістерін іріктеп, сабақтарын қызықты әрі танымды өткізуді жоспарлап жүреді. Тыңдаушылардың құрамы ұйымдардан, мекемелердің, жеке тұлғалардың сұраныстары бойынша іріктеледі. Жас ерекшеліктері 20-жастан бастап, 75 жасқа дейін.

Былтыр орталықтан 17 зейнеткер қазақ, орыс және ағылшын тілін оқып сертификат алған. Ал биыл 30 атыраулыққа тіл үйрету жоспарланып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.