Қарағандыда жерді заңсыз иемденгендер жауапқа тартылады
Қарағандыда құрылыс компаниясы мемлекетке қарасты жерді заңсыз иемденіп, көпқабатты үй салмақ болды.
Заңды белшесінен басқандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Негізі жоба бойынша ол жерде саябақ бой көтеруге тиіс еді. Бірақ жер қатынастары бөлімінің мамандары жүргізген рейд кезінде бұл жерде көпқабатты үйдің іргетасы салынып жатқаны белгілі болды.
Еске салсақ, осыған дейін Қарағандыда заңды елемеген құрылыс компанияларының қара тізімі жарияланған. Онда 10 компания тиісті құжаттарсыз үй салуды бастап кеткен. Мәселеге енді сот соңғы нүктесін қояды. Әкімдіктегілердің шағымы қанағаттандырылса, салынып жатқан ғимарат сүріледі.
Дәурен Шәкенов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Қазір аталған үйдің екінші қабаты салынып жатыр. Ал құрылыс компаниясының тиісті құжаттары мен рұқсатнамасы жоқ. Бұдан бөлек оның аталған жерге мүлде қатысы жоқ. Себебі ол қала меншігіндегі жер. Енді оны құқық қорғау органдары тексеріп, кейін сот тиісті шешім шығаратын болады.