СК «Фармация» үстеме бағаны ұлғайтпақ
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай ұлттық дистрибьюторы сатып алу кезіндегі үстеме бағаны ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұл мәселе жария тыңдалымда қаралып, талқыланды. СК «Фармация» өкілдерінің мәлімдеуінше, бағаны көтеру алдағы уақытта дәрі-дәрмек қорының азайып қалмауы үшін жасалып отыр екен. Сондай-ақ кейінгі жылдары шығыны артқан тасымал құнын өтеуге көмектеседі. Бірыңғай оператор бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың 1,5 мың түрін ауруханалар мен емханаларға жеткізеді.
Әйгерім Смайылова, СК «Фармация» ЖШС баспасөз хатшысы:
- Біздің шығындарымыз – бұл мемлекеттен бөлінетін дәрі-дәрмекті сатып алып қана қоймай, оны жеткізу. Яғни, логистика, сақтау, тасымалдау. Дәрілік заттарды қалалық және шалғай елді мекендерге алып бару. Бұл – біздің негізгі шығынымыз, сондықтан үстеме бағаны көтеру қажеттілігі туныдап отыр.