Түркістан облысында дәрігер мамандар тапшы

Әсіресе өңірдегі ауруханалар мен медициналық орталықтарда анестезиолог-реаниматолог, офтальмолог, лор, кардиохирург секілді 200-ден астам кадр жетіспейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы тапшылықтың негізгі себебін - резидентурада оқыту мерзімінің ұзақтығымен байланыстырады. Тапшылықты жою мақсатында биыл алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 60 грант бөлінді. Бірақ аймақ басшысы сала жетекшісіне осы бағыттағы медициналық қызмет сапасын арттыруды тездетіп шешуді тапсырды. Сонымен қатар «Дені сау ұлт» ұлттық жоба аясында дәрігерлік нысаны жоқ ауылдық елді мекендерде медициналық пункттердің құрылысын жеделдетіп жүргізуді міндеттеді.

Асхан Байдуалиев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жоба аясында медициналық нысаны жоқ елді мекендерге 2022 жылы 11 медициналық пункттің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 2023 жылға 16 нысанның құрылысы жоспарланып, облыстық құрылыс басқармасы жеке инвесторларды тарта отырып, меморандум арқылы 14 нысанның жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуде.