Тұрғындар Жетісу облысындағы жол құрылысын жеделдетуді сұрайды
Талдықорған мен Балқаш көлінің жағалауын байланыстыратын жолды жаңарту жұмыстарының басталғанына 4 жыл өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мердігер компания «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолына қиыршық тас төгіп, оның үстінен қатты жамылғы төсемегендіктен, көліктердің дөңгелегі жарылып, жолда қалып жатыр.
Жол қиын болған соң мұнда туристер көп келмейді. Демалушылардың басым бөлігі Алакөлге асады. Ал Лепсіден Балқаш көліне дейінгі жолды жасап жатқан мердігер көл жағалауын қалай болса солай қазып, жерді карьерге айналдырып жіберген.
Ұзындығы 110 шақырымдық «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» жолын қайта жаңарту жұмыстары жобасының жалпы құны – 22 млрд теңге. Бүгінге дейін соның 7,5 млрд теңгесі бөлініп, игеріліп жатыр. Қажетті қаржының қалған бөлігі әлі бөлінбеген. Жол төсеу жұмыстары өте баяу. Асфальт жол Егінсу ауылының тұсынан аяқталады. Одан ары қарай қиыршық тас төселген айналма жолдармен жүруге тура келеді.
Еркін Серікқажыұлы, Лепсі ауылының тұрғыны:
- Матайдан бері қарай тіпті жаман. Ұзаққа созылып барады бұл енді. Сол енді мына дөңгелектерін шыдатпайды машиналардың. Бұл жаққа кел десең, таксилер зар илейді. Халықтың қатынасы қиын болып жатыр. Сондықтан енді осы жолды қолға алып, тезірек жасаса дейміз.
Болатбек Шалов, Лепсі ауылының тұрғыны:
- Жол жүруге жарамсыз деп айтуға болады. Бір барып келгенде 1-2 дөңгелегіңді тесіп келесің. Машинаның дөңгелегі, өзіңіз білесіз, жоқ дегенде 30 мың теңге тұрады. Ана жолы 2 машина мына аппақ шаңнан бір-біріне соғылып, 2 адам қайтыс болды. Бір отбасыда 4 бала жетім қалды. Әлі түк жасалмаған. Істеп жатқан техника жоқ. Соны енді істеп беру керек қой.
Талдықорған мен Лепсі ауылын байланыстыратын бұл жол бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 33%-ке ғана аяқталған. Ол жоба алдағы жылы пайдалануға берілуі тиіс. Бірақ тұрғындар оның мерзімінде аяқталатынына күмән келтіреді. Президент Талдықорғанға жасаған сапары барысында облыс орталығынан Балқаш жағалауына апаратын жолды 2025 жылға дейін толық аяқтауды тапсырған.
Айдос Досжанов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Сол тапсырмаларды орындау аясында биыл біз Лепсі станциясы мен Балқаш көліне дейінгі 27 шақырымдық автомобиль жолын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осы таңда қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда нысан басында 18 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Шөлді аймақ болғаннан кейін қажетті материалдардың барлығы Талдықорған өңірінен, Қызылағаш өңірінен, тиісті карьерлерден тасылып жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Мердігер компания жол құрылысына қажетті материалдарды сырттан тасуы тиіс. Бірақ, міне, көріп тұрғанымыздай, мына жерде Балқаштың жағасынан топырақ алып жатыр. Бұл, әрине, экологияға үлкен залалын келтіреді.
Бұл қаншалықты заңды? Оны экология басқармасындағылар анықтай жатар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.