Қызылорда облысында биыл 7 балық өсіру тоғаны іске қосылады
Қызылорда облысының Арал ауданында биыл 7 балық өсіру тоғаны іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осылайша, теңіз төңірегіндегі көлдерде тауарлы балық өсіру ісі жүйеленеді. Аймақта жылына 26 мың тонна балық өңдей алатын зауыттар мен цехтар бар. Оларды шикізатпен үздіксіз қамту үшін осындай жобаларды көбейтуге басымдық берліген.
Арал теңізі мен оның маңайындағы өзен-көлдердің тіршілігін Қамыстыбас балық питомнигі жандандырып отыр. Бұл тоғандардан жыл сайын 15 миллионнан астам шабақ сүзіліп, су айдындарына жіберіледі.
Сәкен Мырзағазиев, балық питомнигінің директоры:
- Көктемнің кезінде «личинка» болады. Уылдырықтың шыққан кезі ғой. Соны біз күзге дейін 20 граммға дейін бағамыз да, салмағын 20 граммға дейін жеткіземіз де, Сырдария өзені, осы маңайда орналасқан көлдер бар, күз айында балықтандырылады.
Биылғы балық аулау маусымында Арал ауданында 3,4 тонна су маржаны сүзілген. Оның бір тоннадан астамы өңделіп, Еуропаға экспортталды. Тонналап алып, теңіз байлығын сарқып алмас үшін өңірде жеке балық өсіру тоғандарын ашуға басымдық беріліп отыр. Былтыр осы іспен 3 кәсіпкер айналысты. Оның ішінде жерасты су көздерін де пайдаланып, тауарлы балық өндіріп отырғандар да бар.
Жәнібек Жұбанов, Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Тоғанды су ұңғымасының суымен қамтып отыр. Соған балық өсіріп отыр. Қазіргі таңда тоғанда балық өсіргеннен кейін жеке кәсіпкерлеріміз өзінің келісім шарттары бар. Ақтөбе және Қызылорда облысына және арал қаласының орталық базарларын балықпен қамтамасыз етеді.
Қазір Арал ауданы бойынша жылына 24 мың тонна балық өңдейтін 9 зауыт бар. Одан бөлек, 12 шағын цех жыл сайын 2 мың тоннадай теңіз байлығын өңдеп сатады. Барлығы 31 балықшылар бригадасында 1500-ға жуық адам еңбек етеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байдәлдаев.