Балқаш жағалауында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді

Балқаш көлінің жағалауында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазғы шомылу маусымы аяқталып келе жатқандықтан, сенбі, жексенбі күндері көл жағасына баратындар көп. Бірақ онда Алакөлдегідей емес. Жарық тартылмаған, жол болса енді жасалып жатыр. Балқаш жағалауының инфрақұрылымын дамыту жол төсеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қолға алынатын болады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Жетісу облысында биыл 12 адам суға кетті. Соның төртеуі төтенше жағдай ретінде тіркелген. 2 оқиға Алакөлде, тағы 2 оқиға Қаратал ауданы мен Талдықорғанда болды.

Бір айта кетерлігі, адамдар суға киіммен батса, ол төтенше жағдай ретінде тіркелмейді. Өйткені онда қылмыстық құрам болуы мүмкін. Сол себепті өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға болған жерге тәртіп сақшыларын шақырып, істі полицияға тапсырады. Биыл суға кеткендердің дені – ішімдік ішіп шомылғандар. Төтеншеліктердің сын-ескертпесін елеместен түнде суға түсетіндер де бар. Ескертуге құлақ аспағандарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Данияр Тілеуханов, облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

- 3 мыңнан астам рейдтік жұмыстар өткіздік. Соның арасында 18 мыңнан астам жадынамалар тараттық. 300-ден астам видеоролик түсіріп, БАҚ арқылы жарияладық. Сонымен қатар рейд жүргізген уақытта 60-тан астам протокол толтырдық.

Балқаш жағалауында жүргізілген күндізгі және түнгі рейд барысында көл жағалауында қорқор шегіп, ішімдік ішіп отырғандарды да көзіміз шалды. Оларға сәйкесінше ескерту жасалып, судағы қауіпсіздік шаралары жазылған үнпарақтар таратылды. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері демалушыларды жинап, суға батқан адамға алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін түсіндірді.

Мақсат Сансызбаев, Лепсі жедел құтқару жасағының басшысы:

- Енді мына жерде бізде аз адам, 12 адам штатта. Адам болса кішкене штатқа берсе көбірек. Енді менде қазір патрульге 2 қайық шығады. Қатты жел болған кезде техникамен шығады. Суға бату оқиғасы болған жоқ бізде. Өйткені жол жаман, адам аз келеді.

Туристердің негізгі легі Талдықорғаннан Балғаш жағалауына дейінгі жолдың нашарлығынан Алакөлге ағылады. Дегенмен екі көлдің де өзіндік ерекшеліктері бар. Шомылу маусымы кезінде Алакөлдегі баға аспандап кетсе, Балқашта тынығу сәл арзанырақ. «Жолды жөндеп, инфрақұрылымын жақсартса, Балқашқа да жан-жақтан адамдар ағылып келе бастайтын еді», - дейді демалушылар.

Манат Исағұлова, демалушы:

- Қызылқайыңнан бері қарай жол нашары нашар. Өте нашар деуге болады. Біз таңертең сағат 6-да шыққанбыз. Әзер дегенде жеттік.

Мирас Өмірзақ, демалушы:

- Өзіме Балқаш ұнайды. Енді дәретхана, душ орнатса, жақсы болушы еді және құтқарушыларды қойса, жақсы болушы еді, жолды жасап.

Балқаш жағалауында 20 шақты демалыс орны бар. Олар өткен жылы 17 мың 500 адамға қызмет көрсетті. Мұнда инженерлік желі «Лепсі – Балқаш жағалауы» автожолының құрылысы аяқталған соң тартыла бастайды. Өңір басшысы Бейбіт Исабаев Сарқан ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында бұл жол қыркүйек айында пайдалануға беріледі деген болатын. Алдағы уақытта Балғаш жағалауынан 120 орындық балаларды оңалту орталығы да салынады. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.