«QazaqGaz» ҰК жылыту маусымына қызу дайындалуда

«QazaqGaz» Ұлттық компаниясы қазір жылыту маусымына 82 пайызға дайын.

Газ құбырлары мен құбыр бойындағы газ жабдықтарын тексеру-жөндеу жұмыстары белгіленген жоспардан алда келеді. Әсіресе, елордадағы жылу орталықтарын көгілдір отынмен тұрақты қамту – басты назарда. Газ мамандарының бүгінгі тексерісі де осы бағытты қамтыды. 

Ұлттық компания басшылығы Астана қаласы жылу жүйесінің алдағы қыс мезгіліне дайындығымен танысты. Өз кезегінде газ мамандары жылыту маусымына газ нысандарын дайындау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Астана бойынша газға қосылған 8  500 абоненттің алдағы күзгі-қыс мезгілінде газдан тапшылық көрмеуі үшін  мамандар дайындық жұмыстарын кестеден бұрын аяқтауды жоспарлап отыр.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК" АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл жұмыстардың барлығын «ҚазақГаз» Ұлттық компаниясының еншілес компаниясы «ИнтерГаз Центральная Азия» мен «ҚазТрансГаз аймақ» компаниялары жасайды. Мемлекет бойынша 82 пайызды құрайды. Осы жұмысты мен өзім тікелей бақылаймын. Өйткені келер жылыту маусымы – аса маңызды дайындық жұмыстары.

«QazaqGaz» басшысының жылыту маусымына дайындық жұмыстарын өз бақылауына алғаны бекер емес, өйткені Астана бойынша биыл газ тұтынатын ірі орталықтар іске қосылғалы тұр.

Мақсат Есмағұлов, қала әкімдігі отын-энергетика ресурстар бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы ТЭЦ-3, ТЭЦ-2 Юговосток және Тұран, газ жылыту станциялары іске қосылады. Қаламызда көмір тұтынып жатқан жалпы жер үйлердің саны 20 мың абоненттей құрайды. Оның ішінде бүгінгі күні газға қосылу мүмкіндігін алып отырған 12 мың абонент бар.

«Санжар Жаркешовтің айтуынша, бүгінгідей ірі орталықтардың жылыту маусымына дайындығын тексеру барлық өңір бойынша жалғасады. Өйткені, газ мамандары үшін бірінші кезекте тұрғындарды және әлеуметтік маңызы бар объектілерді табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету басымдық болып табылады. Сондықтан қыс маусымына дайындық жұмыстарын әдеттегіден ерте бастады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ербол Дайыров, Даулет Кибраев