Қарағанды облысында жаңадан салынған үйлердің сапасы сыр берді
Қарағанды облысында 80-ге жуық көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Оның жартысынан көбін жекеменшік компаниялары салуда. Құрылыстың қарқыны жақсы, алайда сапа ақсап жатқан жоқ па? Жел тұрса шатыры жұлынып, жаңбыр жауса су кіретін жаңа үйдің тұрғындарының шағымы.
Өткен аптадағы нөсер кезінде Мақпал Досымбекованың пәтеріне су кірген. Кезекте тұрған көпбалалы ана үш жыл бұрын баспаналы болады. Алайда көп ұзамай жаңа үйдің сапасы сыр беріпті.
Мақпал Досымбекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Ламинатымды көтеріп тастады. Бірінші рет коридор, кухняға барған. Осы жолы бүкіл үйді алып кетті. Қазір жәндіктер бар үйде бітти-бітти, ұшатын полдың барлығы суық. Жаз біткен жоқ. Менің балаларым жылы наскимен жүр.
Үйлердің сапасыз салынуына бірнеше себеп бар. Құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек еткен, облыстағы құрылысшылар кеңесінің төрағасы Төлеген Әшімов бірінші кезекте заңның осалдығы, екінші кезекте әр саладағы жұмысшылардың жауапкершілігінің төмендігі деп есептейді.
Төлеген Әшімов, "АТАМЕКЕН" ҰКП жанындағы құрылысшылар кеңесінің басшысы:
- Біз қазір жеке меншік адамның жауапкершілігін кіргізу жолдарын қарастырып жатырмыз. Құрылыста да, барлық жерде. Технологияны бұзған адам болса, сол адамның аты-жөні шығуы кекрек. Міне осындай кірпіш қалаушы қателік жіберді, содан міне қабырға жарылып кетті Әр адамның жауапкершілігі өте үлкен болуы керек. Қара жұмысшыдан бастап, жобаны сызушыға дейін. Олар да көп қателік жібереді.
Әкімдіктегілер небәрі 45 минуттың ішінде жаңбырдың екі айлық нормасы жауды деген уәж айтады. Салдарынан арықтар су өткізіп үлгірмеген. Ал ағын су тұрғын үйлерге қалай кірді десек?
Рүстем Қожағапанов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:
- Шатырдан келген нөсер жаңбырдың суы кәріз жүйесіне қосылған. Судың көптігінен кәріздің шамасы келмей бір үйдің ванныйынан ағуына әкеп соқты. Бүгінгі таңда тазарту жұмыстары бітті. Екі үш күнде біз ол үйді қараймыз. Егер материалдық шығын болса, арнайы қаржы бөлініп, қалыпқа келтіріледі.
Қарағанды облысында 7 айда 255 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 400 мың шаршы метр салынады. Салада олқылық аз емес. Мемлекеттік құрылыс инспекторлары биыл қара тізім жасап, оған 10-нан астам құрылыс компаниясын енгізген. Олар заң талабын сақтамай, өз еркімен құрылыс бастап кеткендер. Кейбіріне тіпті қылмыстық іс қозғалды.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар