Алматыда фотограф Олег Беляловтың құрметіне арналған көрме ашылды

Алматыда Археологтар күніне орай белгілі фотограф Олег Беляловтың құрметіне арналған көрме ашылды.

Оған археологиялық эскпедициялар кезінде түсірілген 120-ға жуық сурет қойылған. Олег Белялов - фотоөнер, кинематография мен орнитологияға ғұмырын арнаған. Оның еңбектері Қазақстан тарихымен байланысты ғылыми монографиялар мен журналдарға басылды. 20-дан астам фильм мен 100-ге тарта полиграфиялық жобаға қатысты. Ол түсірген суреттер тарихқа қызығушылығы бар оқырманға жақсы таныс. Олег Беляловтың құрметіне Археология институтында арнайы қор құрылды.

Ғалия Базарбаева, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері:

- Олег Беляловтың мұрағатында суреттер өте көп. Олардың барлығын өңдеп, ғылыми айналымға енгізу қажет. Әрбір суретіне индекс беріледі. Ол суреттердің барлығы біздің ғылыми архивтегі Олег Беляловтың қорында сақталады. Кез келген археолог немесе басқа да маман ол материалдармен танысып, зерттеу жүргізе алады.