Жамбыл облысында құрғақшылықтан зардап шеккен диқандардың шығыны өтеледі

Үкімет Жамбыл облысында құрғақшылықтан зардап шеккен диқандардың шығыны өтелетінін мәлімдеді.

Қажетті сома қыркүйек айының соңына дейін есептеліп, қаражат Үкімет резервінен бөлінеді. 

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Шаруалардың шығынына қатысты есеп-қисап қазіргі уақытта жүріп жатыр. Осы жақын арада жұмыс тобының нәтижесін күтеміз деген ойдамыз. Сонымен қатар өздеріңіз де білесіздер, өткен аптаның соңында ПМ мен АШМ осы өңірге арнайы барып, судың жетіспеушілігінен зардап шеккен шаруалармен жеке кездесіп, олардың барлық шығындары өтелетінін нақты жауап берген болатын.

Жамбыл облысында 182 мың гектар суармалы жер бар. 2025 жылға қарай тағы 55 мың гектар алқапты айналымға қосу жоспарланған. Биыл өңірде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптарды 57 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатта диқандарға инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Заманауи суару жүйелерін орнату құнының 50%-ын мемлекет өтейді. Қазірдің өзінде 385 шаруа қожалығы 5 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.