Астанада қоғамдық демалыс орындары көбейеді
Бас қала өмір сүру үшін ыңғайлы болуы тиіс.
Ол үшін қоғамдық демалыс орындарын көбірек салу қажет. Тұрғындардың бұл пікірімен «Аманат» партиясының өкілдері келіседі. «Байқоңыр» ауданында бой көтерген «Журналистер аллеясына» барған партиялықтар демалыс орнының жай-күйін бақылады. Ондағы құрылыс нысандарының барлығы отандық өндірістен шыққан. Жасыл желегі жайқалған орын қаладағы қарбаластан бір сәт тынығуға қолайлы. Депутат Марат Башимов осындай орындар қаланың барлық бөлігінде қолжетімді болуы тиіс деп санайды.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көктемде Президент қатты айтты, Астанада қоғамдық кеңістіктер өте аз деп. Халық демалатын деп, осындай сквер, балаларымен келетін кісілерге. Көңіл бөлетін, көгалдандыру жағдайы жасалған нәрселер аз. Астананың қандай мақсаттары бар? Жайлы Астана болсын, қауіпсіздік, денсаулыққа пайдалы, ол осындай үлкен мақсаттарды қойып тұрғаннан кейін осындай саябақтар, қоғамдық кеңістіктер ескі, жаңа аудандарда болсын. Халыққа қоғамға маңызды.
Биыл қаланың «Байқоңыр» ауданында 20 аула абаттандырылады. Оған тұрғындардың өзі бастамашылық етіп, ауланы көріктендірудің жобасын жасауға атсалысуда. Мәселен, Кенесары көшесінің бойында салынған жаңа аулаға 100 млн теңгедей бюджет қаржысы бөлінді. «Онда балалар мен ересектердің жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған», - дейді аудан әкімдігінің өкілдері.