Ақтөбе облысындағы жаңа мектепті қайта жөндеу керек

Ақтөбе облысында төрт жыл бұрын салынған мектеп қайта жөнделетін болды.

Құрылыс кезінде 63 млн теңге қолды болып, біраз жұмыс бітпей қалған еді. Ал мердігер мекеме басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Салдарынан Ырғыз ауылының  балалары толық жарақталмаған  мектепте білім алуға мәжбүр болды. Қазір кейбір пән кабинеттерінің құрал-жабдығы мен спорт алаңы жоқ. Кәріз және желдету жүйесінде ақау бар.

Аудан орталығындағы бұл зәулім ғимараттың құрылысын оқушылар мен ата-аналар асыға күтті. Бөлмелері кең, талапқа сай спорт залы бар су жаңа мектепке көшкенде бәрі қуанды. Себебі балалар үш ауысыммен оқудан құтылды.

Таңшолпан Есмырза, Ырғыз гимназиясының әлеуметтік педагогы:

- Бұған дейін ескі ғимаратта отырдық. Үш ауысыммен оқыдық. Сол гимназияның салынуына себеп болды. Қазір үш ауысым жоқ. Екі ауысым. Оқушылар толық сияды мектепке. Жаңа ғимарат, оқушылар көңілді.

300 оқушыға арналған гимназия 4 жыл бұрын салынды. Сол кезде мердігер құрылысты тапсырғанымен, бастапқы жобаға сай болмай шықты.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Жоспарға сәйкес дәл осы орында спорт алаңы болуы тиіс еді. Алайда футбол  қақпаларын айтпағанда мектеп ғимаратының қасбеті де толықтай қапталмаған.

Абаттандыру жұмыстарын айтпағанда ғимараттың желдету жүйесі, кәріз құбырларында да ақау бар. Санаулы жыл ішінде шатырынан су тамшылап тұр. Сондықтан мердігер қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылды

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Гимназия бойынша ресми құжаты кезіндегі лауазымды тұлғалармен қабылданған. Бірақ алайды осы нысан бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда сол уақыттағы қабылдаған лауазымды тұлға мен мердігер жазасын өтеп жатыр.

Құрылыстан бөлек мектепке қажетті жиһаз бен құрал-жабдықтардың да тиісті көлемде жеткізілмегендігі белгілі. Қазір кейбір пән кабинеттері жаңадан жабдықтап жаты

Айбек Алданов, Ырғыз аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Модернизация дейміз ғой, жаңғырту аясында да биылғы жылы сол мектепке 16 млнға жуық қаржы бөлініп, арнайы кабинеттер келіп жатыр, басқа да сол оқушылар тұтынатын құрал-жабдықтар келіп жатыр.

Мемлекет қазынасынан 1 млрд 506 млн теңге бөлініп салынған ғимарат өңірдің білім саласына жауапты бөлімі қарамағына өтпеген. Қазір нысан ауданның коммуналдық меншігінде ғана. Облыстық білім басқармасының мамандары оқу ордасы жобаға сай болғанда ғана қабылдаймыз деп оты

Ләззат Ордабаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл мәселелерді шешу үшін хаттама толтырылып, техникалық зеттеу жасалды. Аяқталмаған жұмыс көлемін комиссия анықтап бекітті. Бұл жұмыс 2024 жылы күрделі жөндеу аясында атқарылатын болады.

Талапқа сәйкес нысанда жыл сайын техникалық зерттеу жүргізіледі. Арнайы комиссия оқушылар мен ұстаздарға ешқандай қауіп жоқ деген тұжырымға келген. Сондықтан қазір кезекті оқу жылына дайындық жүріп жатыр. Айта кету керек, биыл білім ордасы 500-ден астам бүлдіршінді қабылдайды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков