Риддердегі мектеп ғимаратын қайта тексеретін болды
Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің ғимаратына тағы да толық тексеріс жүргізіледі.
Егер апатты деп танылса, білім ошағы толықтай №11-ші аралас мектепке көшеді. Бұл туралы салалық басқарма басшысы мәлімдеді. Естеріңізде салайық, Риддердегі "Шаңырақ" мектеп гимназиясы оқушыларының, қос ғимарат арасында оқып жүргені туралы талай айтқанбыз. Олардың бірі осыдан 65,екіншісі 90 жылға жуық уақыт бұрын салынған. Ғимаратты жөндеуге қаражат бөлініп жатыр. Осы көктемде мектептің апатты жағдайдағы қосымша ғимараты сүрілген болатын. "Шаңырақ гимназиясы №11 мектеп ғимаратына көшкен жағдайда, екі мектептің де заңдық құқы сақталады", - дейді мамандар. Екі ұжым екі ауысымға бөлініп оқуы мүмкін.
Инесса Чернышёва, ШҚО білім басқармасының басшысы:
- Біз барлығына тиімді боларлықтай шешім таптық деп ойлаймын. Енді Шаңырақ гимназиясына тағы да толық тексеріс жүргізілетін болады. Расымен де апатты жағдай болатын себептер анықталса, онда ол мектеп ұжымы, 11-ші мектеп ғимаратына көшіріледі.