Қазақстан полициясы «сервистік модельге» көшу жұмыстарын жалғастырып жатыр
Қазір инспекторлар халықпен тығыз байланыста жасап, өз аумағындағы тұрғындардың мәселелерін зерттеуде жаңа әдіске көшкен.
Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларының жұмыс істеу қабілетін осылайша арттыруды көздейді.
Бұл Астанадағы учаскелік полиция пункттерінің бірі. Заман талабына сай. Материалдық-техникалық базасы жаңа. Мұнда азаматтардың өтініштерін шұғыл қарап, дер кезінде әрекет етуге барлық жағдай жасалған.
Қанат Қоржынбаев, учаскелік полиция испекторы:
- Ішке алғаш рет кірген тұрғындар өзге мекемеге кіріп кеттік пе деп ойлайды. Балалы аналарға арнайы бөлме қарастырылған. Инспекторлардың қабылдауы кезінде балалар ойнайтын және мультфильм көретін зал да бар.
Қазір Ішкі істер органдары қызметі сервистік модельге көшіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – кәсіби, жұртқа жақын әрі ашық полиция қызметін құру. Тәртіп сақшыларының азаматтармен қауіпсіздік мәселесін бірлесе отырып шешу.
Азамат Күлібаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті профилактикалық қызмет басқармасы басшысының орынбасары:
- Полиция – жазалаушы емес, ол қорғаушы. Полиция – қас емес, полиция дос. Сондай адамдардың сана сезінуі мақсатында полицияның сервистік моделіне көшу аясындамыз қазір.
Ал мынау «Кибер шериф». Әрбір тәртіп сақшысының қызметтік көлігіне орнатылған. Бұл жол ережесін бұзғандарды бірден анықтауға мүмкіндік береді.
Данияр Әлімқұлов, қалалық Полиция департаментінің аға инспекторы:
- Данная машина от других авто патрулей отличается тем.... Бұл көліктің басқа көліктен айырмашылығы бар. Ол барлық бұзушылықты электронды форматта анықтайды. Әрине, бізге қарсы бағытта келе жатқан көлік, жылдамдығын бірден бәсеңдетеді. Кейбір азаматтар қызметтік көлікті суретке түсіріп бастайды. Себебі оның үстіндегі «сергек камерасы» көпшілікке қызық көрінеді.
Қоғамдық орындарға «СОС» дабыл түймелері орнатылған. Заң бұзу немесе қылмыстың куәгері болған жағдайда тікелей кезекші бөлімге қосыла аласыз. Елордада осындай оннан астам тетік қойылған.
Марат Қожаев – ҚР Ішкі істер вице-министрі:
- Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін қоғаммен серіктестік орнату. Екіжақты түсіністікті арттыру. Барлық қауіпсіздік шарасын ұйымдастыру жұмыстары әрі қарай да жалғаса береді.
Қазір Астана, Павлодар, Ақтөбе қалаларында жаңа форматтағы 100-ден астам учаскелік полиция пункті бар. Жыл соңына дейін Алматыда тағы 8 пункт ашу жоспарлануда. Полицияның сервистік моделін қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылаады.
Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков