«Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» акциясы өтеді
Президент тапсырмасына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.
Бұрын мұндай құқық бұзушылықтарға жәбірленушінің арызынан кейін іс қозғалатын болса, жаңа ереже бойынша жәбірленушінің арыз-шағымынсыз-ақ тіркеп, іс қозғала береді. Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Харассменттен қорғау жөнінде арнайы бұйрық шығарды. Министрлікке қарасты мекемелер осы ережені қабылдады. Бұл туралы Түркістанда өткен Балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстелде Ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлімдеді. Дархан Қыдырәлінің айтуынша, министрлік мамандары «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу жөніндегі нұсқаулықты» дайындап шығарған. Онда қылмыскердің келбеті, ата-анаға кеңес, көрші мен туыс және куәгерге деген негізгі аспектілер қамтылған. Бұл балаларды оқыс жағдайдан қорғауда кез келген адам үшін құнды ресурс болатынын атап өтті. Сонымен қатар министр «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» атты акция өтетінін жеткізді.
Дархан Қыдырәлі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Алайда өзіміз жиын құрып отырған Түркістандағы, Абай облысындағы, Қарағандыдағы келеңсіз жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын білесіздер. Егемен елде, бейбіт жерде шиеттей қорғансыз бейкүнә балалар теріс пиғылды адамдардың құрбаны болып жатқаны ата-ана ретінде баршамыздың жанымызға батады. Президент Қ.Ж.Тоқаев өткен жылды «балалар жылы» деп жариялап, халыққа жолдауы мен ұлттық құрылтайдағы сөзінде балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Біз сол бағыт-бағдардың аясында жұмыс істеуіміз қажет.