Табыстың кілті – отбасылық кәсіпте
Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында тұратын Кеңес Көкеев үй ішімен бірге қысы-жазы бие байлап, қымыз сатады.
Олар бастапқыда бизнесті қолдау бағдарламаларына қатысқан, қазір өз-өздеріне жұмыс істейді.
Кеңес Көкеев әйелімен күнде осылай қайықпен жүзеді. Арнаның ар жағында биелері күтіп тұр. Бір барғанда 15 литр сүт сауады. Емдік қасиеті мол саумалды ішуге тұрғындар да таң сәріден келеді.
Қамар Тасболатова, Бескөл ауылының тұрғыны:
- Сырқаттанып қалған халық сүттің пайдасын көрейік деп саумал ішуге таңертең жиналып дайын тұрады. Иммунитетті көтеру үшін балаларға алады. Жаз бойы сүт ішкен, биенің сүтін ішкен бала қыс бойы ауырмайды.
Қамар Тасболатова мектепте орыс тілінен 20 жылдай сабақ берген мұғалім. 2007 жылы отбасымен бірге аудан орталығы Бескөл ауылына көшіп келгеннен кейін күйеуі жылқы бағып, бие байлай бастады. Содан бергі кәсіп осы.
Кеңес Көкеев, жеке кәсіпкер:
- Мал деген оңды ғой. Күндегі табыс. Күндегі өзіңнің еңбегің. Уақытында барып, уақытында келесің. Мысалы, күніне біз 70 литр сүт сатсақ, 70 мың деген. Оның тіпті 10 мың теңгесі күніне затраттарға кеткен күннің өзінде, қалғаны өзіңнің таза пайдаң ғой.
Кеңес Көкеев жылқы жануарына жастайынан жақын болды. Ауыл тұрғыны бизнеске бірден бет бұрған жоқ. Мемлекеттің қолдауы арқасында жаны қалайтын істі тізгіндеп әкетті. «Еңбексіз тапқан малдан қайыр болмайды», - дейді ол.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков