Азаматтық форум: Жастар саясаты басты назарда
Шымкентте Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері азаматтық форумда бас қосты.
Қоғам өміріне бей-жай қарамайтын екі жүзден астам белсенді жан «Уақыт сынақтары және өзгерістердегі жастардың рөлі» тақырыбын екі күн бойы талқылап, пікір алмасады. Ерекше форматтағы форумды Азаматтық Альянстың мүшелері мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма бірлесіп ұйымдастырды.
Алқалы жиын азаматтық қоғамның дамуына бағытталған. Сондықтан жаңа форматтағы басқосуда жастардың ұсынысы мен үкіметтік емес ұйымдардың пікірі ашық талқыға түспек. Шаһар басшысы бұл саладағы жемісті жұмыстарды тілге тиек етті.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Біз қоғам үшін маңызды бастамаларға тиісті деңгейде қолдау білдірудеміз. Қалада мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында 2023 жылы 51 жоба жүзеге асуда.
Әкімдіктің қолдауына ие болған әрбір жоба түрлі саланың алға жылжуына серпін берді. Жиында еріктілер қозғалысы, экологиялық мәдениет, әлеуметтік осал топты ынтыландыруға бағытталған жоба жетекшілеріне құрмет көрсетілді. Оларға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі алғысын білдіріп, мемлекеттік бағдарламаларға тоқталд
Дархан Қыдырәлі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы Мәжілістен өтіп, қазір Сенаттың қарауында. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет петиция институтын қалыптастыру туралы заң жобасы жасалды, бүгінде заң жобасы Сенат қарауында.
Форумда сөз алған спикерлер жастар саясатын дамыту мен көші-қон процестерінің теріс салдарын жою тетіктерін іздеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, патриотизм ұғымын нығайту тақырыптарында ой қозғайды.
Мағжан Исахов, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
- Қоғамда мәселелер бар. Жастар аясында белең алып жатқан есірткі, психатроптармен күресу бағытында үкіметтік емес ұйымдардың көптеген қолдауы керек.
Форумда екі күн бойы талқыға түскен келелі тақырыптар мемлекеттік огандардың қарауына ұсынылады. Тиімді бастама мен ұтымды ұсыныстар қазан айына жоспарланған республикалық жиында көтеріледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов