«Ақжайық» корпорациясы тұрғындардан көкөніс қабылдайды

Бау-бақша өсіруші оралдықтар енді артылған өнімін өз саяжайынан шықпай-ақ сата алады.

Осы аптада «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрғындардан әлеуметтік маңызы бар көкөніс түрлерін қабылдай бастады. Тұрақтандыру қорының қоймасына жиналған өнім кейін сауда орындарында арзандатып сатылады.

Сергей Шемин жаз шықса үй көрмейді. Алты сотық саяжайындағы жеміс ағаштарын баптайды, бау-бақша салады, көкөніс өсіреді, соларды суарады. Қысқа керекті азығын жинап алғанша саяжайда түнейді.

Сергей Шемин, қала тұрғыны:
- Не ексең де шығады ғой. Жайықтың жағасы. Топырағы құнарлы. Таза өнім. Ешқандай химиялық қоспасыз, тек қана органикалық тыңайтқыштармен шығарамыз. Базардан ештеңе сатып алмай, бәрін де өзім өндіруге тырысамын.

Артылған өнімді бұрын Сергей Шемин базарға апаратын, тамыр-таныстарына саудалайтын. Биыл бірінші рет саяжайында отырып сатты. «Ақжайық» корпорациясының тұрғындардан көкөніс қабылдайтындығын әлеуметтік желіден оқып біліпті. Бүгін бір қапшық пияз, бір қапшық картоп пен сәбізді үйінен тиеп жіберді.

Мейірбек Нұркен, «Ақжайық» ӘКК департамент басшысы:
- Картопты 90 теңгеден, пияз 100 теңге, қырыққабат 120 теңге, сәбіз 120 теңгеден алып жатырмыз. Техникамыз келіп, тиеп аламыз. Сосын қоймаларымызға барып өлшеп, сосын жаңағыдай осы саяжай иелеріне ақшасын төлеп, әрі қарай өзіміздің әлеуметтік маңызы киоскілеріміз, шағын маркеттеріміз бар, сол жерде осы өнімдер жүзеге асырылатын болады.

Әзірге саяжайшылардан картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз секілді әлеуметтік маңызды тауарлар тізіміндегі өнімдер қабылдануда. Келешекте жеміс-жидек те қабылдануы ықтимал.

Темір Исмағұлов, БҚО бағбандар және саяжайшылар қоғамының басқарма мүшесі:
- Саяжайшыларға артық өнімін өткізу проблема шыны керек. Базарға апарып саудалауға біреудің денсаулығы келмейді, біреуінің уақыты жоқ. Енді осылай келіп алып кетсе, ол бізге үлкен қолдау. Шығындарымызды жабады, қосымша табыс дегендей. Біздің өнімдеріміз экологиялық таза өнімдер. Келешекте алманы да осы тізімге қосса деген тілек бар.

Орал қаласында 105 саяжай қауымдастығы, 70 мыңдай саяжайшы бар екен. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге олардың әлеуеті жеткілікті. Корпорация өкілдерінің айтуынша, келешекте саяжай иелеріне сауда үйлерінен орын беру мәселесі шешілмек.  

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов