Ұлытау облысы: Жылыту маусымы басты назарда
Ұлытау облысының билігі алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін басты назарда ұстап отыр.
Қазір Жезқазған жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындарға жылу дер кезінде, кестеге сай беріледі.
Облыс орталығындағы жылу құбырларының 70 проценті тозып тұр. Жергілікті билік оларды қайта жаңғырту жұмыстарын бастап кетті. Келер жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Жылу желілерін ауыстыруға 3 миллиард теңге бөлінген. Жезқазған жылу электр орталығындағы қазандықтарды жөндеуге 5 миллиард теңге жұмсалады.
Алмаз Жандарбеков, Ұлытау облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Температуралық режимді қамтамасыз ету үшін біз 5 қазандықпен кіруіміз керек қыс маусымына. Аязды күндері ол өте сезілетін болады халыққа. Осы 5 қазандықты біз жөндеп соны аяқтауды жоспарлап отырмыз осы жылу маусымына кіруге. Бүгінгі таңда көптеген проблемалар болды, қазір «Kazakhmys Energy» тарапынан бүкіл қаражаттар бәрпі шешілді, келісімшарттар бәрі жасалды.
Жуырда ғана өңірде егінге орақ түсті. Бұл жауапты науқанға 2 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. «Құрғақшылық салдарынан биыл егіннің түсімі өткен жылдарға қарағанда аз болады деген қауіп бар», - дейді жергілікті шаруалар. Қазір арзандатылған дизель отынымен қамту мәселесі де шешіліп жатыр.
Қайрат Мутаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Жану-жағармай бағасының қымбат екендігі жөнінде аз айтылған жоқ. Сол себепті қазір дизель отынының сату бағасын 228 теңгеден асырмау туралы шешім қабылданды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шекті баға 250 теңге.
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы бүгін өзінің жаңа орынбасраларын таныстырды. Солардың бірі Дастан Рыспеков қаржы және экономика саласына жауап береді. Ал екінші орынбасар Алмаз Ыдырысов құрылыс пен жол жөндеу жұмыстарына басшылық етпекші. Сонымен қатар, әкімдіктің аппарат басшысы саяси мемлекеттік қызметшілер санатына енді.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Нұржан Тәңірбергенов, Нұрбол Өздікбаев, Гүлшахира Серекбаева