Шымкентте еңбекқор бала миллиондап табыс тауып отыр

Шымкентте мүгедек болса да жігері жасымаған еңбекқор бала миллиондап табыс тауып отыр.

21 жастағы Бекжан Нұрадин туа бітті көз ауруына шалдыққан. Алайда соған қарамастан интернет платформасын табысты кәсіпке айналдырды. Қазір оның қызметіне жүгініп, қомақты қаржы ұсынатындар көп. Қос жанарын қараңғылық басса да, қоғамның тең мүшесіне айналған еңбек адамымен аймақтағы әріптесім тілдесіп қайтты.

Бекжан Нұрадин көз жанарының нұры тайса да, тағдыр сынағына еш мойыған емес. Жоғары білім алып, арнайы курстарда тәжірибе арттырды. Соның арқасында әлеуметтік желінің қыр-сырын жақсы меңгерді. Қазір әлеуметтік желідегі видео хостингте контент жасап, танымал каналдарға техникалық қолдау көрсетеді.

Бекжан Нұрадин, қала тұрғыны:
- Кішкене кезімнен техникаға қызыққаннан кейін YouTube-тың базалық білімдерін білетін едім. Мысалы монетизация қалай қосу керек, видеоны қалай жүктеу керек деген сияқты. Бірақ та кейін алғашқы курстарды ала бастап, қатты кірістім. Соның арқасында табыс тауып отырмын.

Бекжанның мұқалмас мықты жігері ертеңіне деген үмітін бір сәтке де сөндірген емес. Сондықтан туа бітті дертіне шипа іздеп елдегі жетекші клиникаларға жиі қаралып тұрады. Үміт аз, бірақ сенім мол. Көзі көрмесе де ешкімнің көмегіне жүгінбей, тағдырластарына үлгі болғысы келеді.

Бекжан Нұрадин, қала тұрғыны:
- Менде диогноз «Микрофтальм». Көздің қысылып туылуы. Қазіргі уақытта былай айтқанда телефонды барлық адамдар қолдана алады. Ол көзі көрмейтін зағип жан болсын. Құлағы естімейтін адамдар болсын. Өйткені оларға барлық жағдай жасап қойған. Бірақта адамның жұмыс істеуге деген ұмтылысы, ниеті болса жұмыс істеуге болады.

Әлеуметтік желі ақпарат алмасу құралы ғана емес. Дұрыс қолдана білгенге табысты кәсіп. Бекжан Нұрадин алғашында іскерлік келісім жасасып, кездесу үшін мүгедектігіне қымсынатын. Ал қазір керісінше білікті маманға түрлі ұсыныс көп. Олармен білімін бөлісуге еш тартынбайды.

Бекжан Нұрадин, қала тұрғыны:
- Мысалы ретінде әртүрлі келеңсіз жағдайлар болып қалуы мүмкін. Монитизацияны өшіріп тастады немесе каналым блогқа кетті деген сияқты. Сол техникалық жағдайларға қолдау көрсетемін. Ал үшіншісі мен консультация беремін. Қазіргі уақытта соңғы 1-2 айда маған сахнада спикер болуға, спич айтуға сұраныстар түсіп жатыр. Соның арқасында тағы да төртінші табыс көзі ретінде мен аудиторияға өзімнің білімімді бөлісіп, сабақтар өтіп жатырмын.

Өмірге құштар, еңбекке епті азаматтың айнымас адал достары да көп. Кейбір ауқымды жобаларды солармен бірлесіп, үлкен істің үдесінен шығуға ұмтылады. Ал олар зағип болса да заман сұранысына бейімделген досының еңбекқорлығына тәнті.

Мейірбек Қожанов, қала тұрғыны:
- Өте көп ізденеді және еш қысылмайды. Бұрын комплекстер бар тұғын жалпы өз өнімін ұсына алмайтын еді. Қазір кез-келген әнші болсын, кез-келген эксперттер болсын соған өз өнімін, қызметін ұсына береді. Мотивация аласың. Өйткені өзінің әке-шешесін бағып отыр. Өзінің баспанасын, оқуын, бәрін жауып отыр. Артығымен және махаббатпен жұмыс істейді.

Бекжан Нұрадин жоғары оқу ордасында «Журналист» мамандығы бойынша білім көкжиегін дамытуда. Дипломын қолға алғаннан кейін өзі сияқты тағдыр тауқыметін тартқан жандардың жігерін жанитын арнайы репортаждар мен көркем фильмдер түсіргісі келеді. Ал дайын өнімді интернет қолданушыларына қызықтыру негізгі кәсібі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов