Елімізде жол апаты азайған
Елде бұрынғыға қарағанда жол апаты азайды.
Мұның бір себебі жаңа технологияның енгізілуі. Қорғау интелектуалды жүйесі былтырдан бері жұмыс істеп тұр.
Сөйтіп биылғы 7 айда жол-көлік оқиғасы былтырғыға қарағанда 14, көз жұмғандар саны 4 пайызға кеміді. Ішкі істер министрлігінің дерегі осындай. Ал елді мекендерге 19 мың бейнебақылау камерасы орнатылған.
Жыл басынан бері Қазақстан жолдарында 4 мыңға жуық көлік апаты тіркелді. 200-ден астам адам көз жұмды. 5 мыңнан аса жан жарақаттанды. Бір мезетте ондаған адамның өмірін жалмаған апаттар да бар. Мәселен, төрт күн бұрын ғана Қарағанды облысында бір-біріне соқтығысқан қос көліктегі 9 жолаушы жарық дүниемен қош айтысты.
Жол-көлік оқиғаларындағы адам шығынының басым бөлігі – республикалық трассалардың үлесінде. Көбінесе жүргізушілер жылдамдықты асырып, қарсы жолаққа шығып кетеді. Төрт түлікке соғылатындар да аз емес. «Қазавтожол» компаниясы қайғылы жағдайлардың алдын алуға тырысуда. Былтырдан бері 10-ға жуық технологияны сынақтан өткізіп жатыр.
Ләззат Стамғазиева, "Қазавтожол" ҰК" АҚ ресми өкілі:
- Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, осындай жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін Өскемен-Семей күрежолында АСК-Қорғау деп аталатын технологияны тестілеуден, апробациядан өткізіп жатырмыз. Орнатқанымызға бір үш айдай болды деп айтуға болады. Қазіргі таңда технология өзін жақсы жағынан көрсетіп жатыр. Бұл технологияның басты ерекшелігі, мәселен, жүргізуші түнгі уақытта көлігін айдап келе жатқан кезде технология жарық сигналдарын беріп тұрады. Яғни, бұл дегеніміз, жолдың маңында үй жануарларының жүргені.
Ішкі істер министрлігі болса былтыр «Қорғау» интеллектуалды жүйесін іске қосты. Қазір республика бойынша 19 мың камера жұмыс істейді. Жол ережесін бұзу фактілерінің жартысына жуығы осы камералардың жадына енгізіліп, жетілдірілді.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазір біз камераларды жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге 8 жол жүру ережесін бұзу фактісін анықтай алады. Яғни камералар жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл шамына өту, автобус жолағымен жүру сынды деректерді тіркейді. Келешекте камералар қауіпсіздік белбеуін тақпағандарды да анықтайтын болады.
Аталған камералар жалған номерлерді де анықтайды. Жыл басынан бері 1500 көлік иесі жазаға тартылды. Тіпті, алимент төлемей жүргендер де камералардың қырағы назарынан тыс қалмайды.
Руслан Рақышев, ҚР ІІМ патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы:
- Электронный планшетке хабарландыру келеді. Например, осы «Сергек», «Қорғау» камерасы тұратын болса, сол жерге қосылсаң, сол жерде саған хабарландыру келеді жаңағы алимент төлемейтіндер, көлігін налог төлемейтін. Сол кезде сол көлікті тоқтатамыз. Тоқтатқан уақытта төлеуге жағдайы болмаса, автокөлігін айып тұрағына қоямыз.
Жыл басынан бері 7 мың адам көлікті мас күйінде тізгіндеген. 6 мыңнан астамы жүргізуші куәлігінен айырылды. Сондай-ақ жол ережесін бұзған 128 мың жаяу жүргінші әкімшілік жазаға тартылды. Дегенмен, әркім өз өмірі үшін өзі жауапты екенін ұмытпауы қажет.
Нұрқанат Қанапия, Серік Қоңырбаев, Наурызбай Құрманғазы