Балалардың жол апатына себепкер болуы азаймай тұр
Елордада балалар арасында жол апатына түсу дерегі азаймай тұр.
Әріге бармай-ақ осы жылдың өзінде мұндай 65 жағдай тіркелген. Соның салдарынан кәмелетке толмаған бір баланың өмірі қиылды.
Осы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін елордалық полицейлер «Абайлаңыз, балалар!» акциясын бастады.
Оның аясында алдымен балабақша мен білім беру мекемелерінің аумағы қауіпсіздік талабына тексерілмек.
Әзірге көліктер ғана қаңтарулы тұрған мына аймақ санаулы күннен соң балаға толады. Сол себепті көше бойының қауіпсіз болуы – басты мәселе. Жедел профилактикалық іс-шара аясында бас қаладағы 100-ге тарта білім беру нысаны тексеріледі. Бірінші кезекте жаяу жүргіншілер жолағы мен жол белгілерінің талапқа сай болуы қадағаланады.
Бауыржан Бәкіров, қалалық әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
- Тексеріс барысында әкімдікке үкім беріледі. Әкімдік сол бойынша жұмыс істейді. Жол таңбаларын салады, жол белгілерін орнатады. Бүгінгі таңда 10-15 мектеп бар, тұрғын үйлерге іргелес, жақын орналасқан. Егер айналасында бос орын болса, тұрақ жасау туралы үкім беріледі.
Айта кеткен жөн, бұл жұмыстар жылда жасалады. Алайда балалар арасында жол апатына түсу жағдайы азаяр емес. Мәселен, осы жылдың өзінде бас шаһарда жас жеткіншектердің қатысумен 65 жол көлік оқиғасы тіркелген. 1 бала ауыр жарақаттан көз жұмды. Десе де мұның өзі сабақ болмай тұрған сыңайлы. Баланың амандығына полиция ғана емес, ата-анадан бастап күллі қоғам жауапты екенін ұмытпайық дейді жол сақшылары.
Ержан Әділбеков, Қалалық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:
- Жол қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауға болмайтынын алдымен ата-аналар түсінсе екен. Мүмкіндік болса, оқу басталардың алдында баламен бірге мектепке апаратын ең қауіпсіз жолды анықтап алса игі. Жол бойында ашық жатқан кәріз құдықтары бар ма, түнгі уақытта көшелер қаншалықты жарық міне осы жағдайларды міндетті түрде ата-ана ескеруі керек.
Білім ордаларының балалар үшін қауіпсіз болуын - басты назарда ұстаймыз, - дейді маман. Полицейлер бұған дейін де ел бойынша 5 мыңнан аса тексеріс жүргізіп, 1,5 мыңға жуық кемшілікті дер кезінде түзеуге түрткі болды.