Жолдауда энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қозғалды
Жолдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қыста елдегі жылуға қатысты мәселені де сөз етті.
Апаттық жағдайлар - жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып бергенін айтты. «Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді » - деді Президент. Ол инфрақұрылымды жаңғыртпаса, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін еместігін жеткізді. Мемлекет басшысы «үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, шешу жолдарын анықтауға тиіс» деді. Атап айтқанда, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі шешімін табуы қажет. «Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал,» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті
Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.