Суға жауапты дербес министрліктің құрылатыны Жайық өңіріндегі шаруаларды қуантты
Суға жауапты дербес министрліктің құрылатынына Жайық өңірінің шаруалары қатты қуанды.
Өйткені соңғы бес жылда аймақтың оңтүстік-батысындағы аудандар тіршілік нәрінен әбден тарыққан. Каналдың көбі жөндеуді қажет етеді. Тірлігі төрт түлікпен байланысты жұртшылық жаңа құрылымнан қолдау күтеді.
Өңірдегі ирригациялық жүйелердің көбі Жайық, Шаған, Қараөзен және Сарыөзен трансшекаралық өзендері арқылы толады. Соңғы бесжылда өзендерден келетін су күрт азайып кетті. Салдарынан Жаңақала ауданының өзіндегі 16 көлдің 14-і кеуіп кетті. Шаруалар судан тапшылық көрді. Тек биыл көктем ерте келіп, қар су жерге сіңіп үлгермей, өзен-көлдерге құйылды. Оның үстіне республикалық бюджет есебінен 6,5 млрд теңгеге көрші елден трансшекаралық өзендер арқылы қосымша су алынды. Соның нәтижесінде кенезесі кепкен аумақтар қайта шөлін қандырды. Шаруалар енді ескі каналдарды қайта жаңғыртуды сұрап отыр. Әйтпесе суды ысырап қылмай ұстап қалу қиын.
Нұрлыбай Жолдыбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Дөңгелек су қоймасынан 3 бағытқа құлайды су. Бір бағыты Тайпаққа, бір бағыты Жаңақалаға кетеді, үшінші бағыты бізге. Ал біздің жаққа кететін бағыт қолдан жасалған канал. Су толық болса бізге қарай құлайды да, су азайғаннан кейін, күзге қарата су азайып кеткен кезде судың бізге қарай шығуы өте қиындық әкеліп, судың айқайы былтыр жиі-жиі болып тұрды.
Каналдардың бойындағы қақпалар да тозып тұр. Оларды уақытында ашып-жауып, суды реттеп отыру оңай емес. Кейбір құрылғы істен шыққан.
Бауыржан Магзенов, Қызылоба ауылының тұрғыны:
- Шлюздерді ауыстырып, соларды құнттап, жұмыстанса керемет болар еді. Кілең союз кезінен қалған шлюздер ғой. Бәрі шіріп, тозып тұр. Соларды эксковатормен қазып, шлюздерін ауыстырса, керемет болайын деп тұр.
Облыста 2 мың шақырымға жуық канал болса, соның жартысынан астамы «Қазсушар» кәсіпорнының балансында. Биыл Киров-Шежін каналы құрылысының төртінші кезеңі аяқталады. Он жылдан астам уақытқа созылған кешенді жоба Жайықтың оң жақ бетіндегі аудандарды сумен тұрақты қамтып отыр. Сондай-ақ төрт ірі су қоймасының біреуі жөнделіп жатыр. Өзге жобалар әлі кезек күтіп тұр. Ал жергілікті әкімдіктердің меншігіндегі каналдардың жай-күйі мүшкіл. Ол мемлекеттік құрылымдарда маман да, техника да тапшы.
Шынболат Ермағанбетов, "Қазсушар" РМК облыстық филиалының бас гидротехнигі:
- Облыс әкімдігі ұсынып отыр 847 км каналмен қоса 30 су қоймасын алыңдар біздің теңгерімге деп. Біз теңгерімге қуанышпен алар едік. Олардың бәрі бір-бірімен байланысты каналдар. Бірақ бізге мынаны күтіп-ұстауға қаражат бөлмей тұр қазіргі таңда. Осылардың бәрін бір мекемеге, Су ресурстары және ирригация министрілігіне беріп, соның құрамында осылай істейтін болсақ, онда шаруа басқа болатын еді.
Өңір экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы. Ал шаруалар үшін техникалық су мен жем-шөптен тарықпау маңызды. Онсыз да бірнеше жылғы қуаңшылықтан әрең шыққан фермерлер иригациялық жүйелердің жағдайына алаңдайды. Президент пәрменімен құрылатын жаңа құрылым сол жұртшылыққа үлкен үміт беріп отыр.