Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасының 76% тозып тұр
Жолдауда жүктелген тағы бір міндет – ауыл шаруашылығы техника паркін жыл сайын 8-10%-ке дейін жаңарту.
Бұл мәселе өзекті екендігін сала мамандары да мойындап отыр. Мәселен, Қостанай облысында трактор, комбайндардың 76%-і ескірген. Сол себепті кейбір шаруашылықтар агротехникалық шараларды толыққанды атқара алмайды.
Қостанайлық шаруалар топырақ өңдеп, дән себуде озық технологияны қолдануға тырысады. Бірақ оның бәрін талапқа сай атқарып шығу үшін қажетті техникаға қол жеткізу қиын.
Андрей Двуреченский, «Александров» ЖШС директоры:
- Біз өндіріс тиімділігін көтеру керек дейміз. Тиісті агротехникалық шараларды, тыңайтқыштарды, нөлдік технологияны қолданбай, оны қалай көтересің. Осының бәрін атқару үшін заманауи жаңа бүріккіш техника, дән сепкіш кешендер, комбайн, шалғылар қажет. Ал оларды ұзақ мерзімді несиесіз, жеңілдетілген лизингсіз алу мүмкін емес.
Рас, комбайн, тракторды жаңарту көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мысалға, былтыр ол 2,9%-ті құраса, биыл 3,2%-ке өскен. Алайда мұның бәрі мардымсыз, - дейді сала мамандары.
Владимир Семейкин, шаруа қожалығының басшысы:
- Аталған мәселе өте өзекті. Біздің шаруашылықта бар техника жыл он екі ай жұмыс істейді. Қанша күтіп ұстасаң да, темір тозбай тұрмайды. Ал жаңасын алуға шама-шарқымыз жете бермейді. Сондықтан Мемлекет басшысының өз Жолдауында техниканың 8-10%-ін жаңартып отыру керек деген талабын қуана қабылдадық. Яғни, мемлекеттің бұл бағытта қолдауы артады деп түсінем.
Қазір қолда бар ауылшаруашылық техникаларының дені ескі. Ресми мәліметке сүйенсек, трактор, комбайндардың 76%-інің пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан.
Ибрагим Бекмұхамедов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмасына сай жыл сайын 8-10%-ке жаңартылатын болса, тозығы жеткен техника көлемін біз 3-4 жылда 60%-ке дейін азайтамыз.
Былтыр облыстағы ауылшаруашылық құрылымдары 2200-ден астам түрлі техника алыпты. Бұл 5 жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.