Құрық портында астық терминалы іске қосылады
Құрық теңіз портында жылдың соңына дейін астық терминалы іске қосылады.
Оның қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін дәнді-дақыл тиеп, бір уақытта 25 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді. Президент Қазақстан халқына Жолдауында теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар құру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Құрық су айлағын Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруды тапсырды.
Қазақстанның теңіз порттары - Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізгі буындары саналады. Бұл ретте Құрық портының алар ролі зор. Жыл басынан бері су айлағында әртүрлі жүк ауыстырып тиеу көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өскені байқалады. Заманауи үлгідегі астық терминалы іске қосылған соң, Құрық портының әлеуеті біршама артады.
Серік Ахметов, Құрық портының директоры:
- Жұмыс қуаты жылына 1 млн тонна астық өткізуге жететін терминалды қыркүйек-қазан айында іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Астық сақталатын силостар мен жүк ауыстырып тиелетін желінің құрылысы аяқталды. Жаңа терминал Қазақстан-Иран, Кавказ елдері бағыты бойынша және одан әрі үшінші елдерге астық экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Биыл Құрық портына Каспий аймағындағы «жасыл порт» мәртебесі берілді. Аталған сертификат Қазақстан, Түрікменстан, Әзірбайжан су айлақтары арасында ақпарат алмасуды оңтайландырып, Еуропаның ірі порттарының көлік жүйесіне қосылу үшін бірыңғай цифрлық платформа құруды көздейді. Президент Жолдауында көтерілген тапсырманың бірі - Ақтау теңіз айлағында контейнерлік хаб құрылысын тездету. Өткен 7 айда порт арқылы 2,6 млн тонна жүк ауыстырылып тиелген. Соның 142 мың тоннасы астық. Сондай-ақ 13 мың контейнер қабылданған.
Қайрат Қалиолла, Ақтау теңіз порты көліктік логистика бөлімінің бас менеджері:
- 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы көлемі 2 млн 297 мың жүк ауыстырып тиелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 23%-ға артық көрсеткіш. Соның ішінде 1 млн 787 мың тонна мұнай және мұнай өнімдері теңіз арқылы шет мемлекеттерге экспортталды.
Ақтау порты жылына 12 млн тонна түрлі жүк өңдеп, 7,5 млн тоннаға дейін мұнай жөнелтуге қабілетті. Контейнерлік хаб қолданысқа берілген жағдайда жыл сайын жиырма футтық 300 мың контейнер ауыстырып тиеуге мүмкіндік туады. Қазіргі кезде құрғақ жүк қабылдау-өткізу айлақтарының қуатын арттыру қолға алынып жатыр. Бірінің түбін тереңдетіп, тағы үшеуін қайта жаңарту жоспарда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев