Азаматтық бастамаларға қолдау көрсетіледі
Өскеменде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестік саладағы қызметі мен бірлескен жобалары талқыланды.
"Мықты өңірлер-мықты ел" тақырыбындағы форумда қоғам белсенділері Жолдауда жүктелген міндеттер мен азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдеріне баса назар аударды.
Айта кету керек, қазір тек Шығыс Қазақстан облысында 600-ден астам ҮЕҰ бар екен.
Өскемендік эко-белсенді Людмила Евженкова қала тұрғындарына қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың қыр-сырын үйретіп жүр. Бұл саладағы озық идеялар өнеркәсіптік аймақ үшін өте өзекті. Жергілікті билік жалпы құны 400 миллион теңгеге жуықтайтын 40 шақты әлеуметтік жобаға қолдау көрсетті. ҮЕҰ-дар құрамы да жыл санап жаңарып келеді. Азаматтық альянстар ұсынатын озық идея авторларының дені қоғам белсенділері. Форум барысында өңір басшысы ҮЕҰ-ның белсенді өкілдерін марапаттады.
Бану Нұрғазиева ҚР Азаматтық Альянсының президенті:
- Бір елміз ғой, бәріміздің көтеретін мәселелеріміз де бір. Ең біріншіден адам өмірінің сапасы. Сапа қалай болады? Ол білім, денсаулық саласы. Жаңағы экологиялық жағынан, басқа жағынан да көп-көп заттар бүгінгі айтылған форумда көтеріліп жатыр.
Елімізде заң жобаларын қарау барысында азаматтық бастамаларға да баса назар аударылады. Қоғамдық бақылау туралы заңның мақұлдануы бұған нақты мысал.
Данияр Қадыров ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Бірқатар мәселелерді біз талқыладық. Секциялар отырыстарында болдық. Бұл жерде қоғамдық кеңестің мәселелері, оның материалдық жағы, жаңағы оған сайлану жағы, осы мәселелерді талқыладық. Сонымен бірге мынау мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс және де гранттық қаржыландыру мәселелері төңірегіндегі үлкен үлкен мәселелерді талқыладық. Өзімізге түртіп алдық.
Форум жұмысы халық үніне құлақ асатын мемлекет Тұжырымдамаларының іске аса бастағанын көрсетті. Әсіресе, ауыл тұрғындарының ұсыныс-тілектерін естуге ерекше екпін түсірілмек. Сондықтан Президент ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетіктерін әзірлеуді, аймақтағы ҮЕҰ үшін гранттар алу процесін жеңілдетуді тапсырды.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Вячеслав Ветлугин