Солтүстікқазақстандық Ескеновтер әулеті – бақ қонған берекелі отбасы
Бақытты отбасының кілті – татулық пен бірлікте.
Солтүстікқазақстандық Ескеновтер әулеті мұны жақсы біледі. Бірлігі жарасып, тірлігі қайнап жатқан әулет жайында өңірдегі әріптесім Самат Қайырденұлы сабақтасын.
Шаңырақ көтергеніне биыл 45 жыл болған Ескеновтер әулеті – бақ қонған берекелі отбасы. Өңірде көпке үлгі. Отағасы Зейнолла Ескенов – саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған жан. Қазір зейнет демалысында.
Зейнолла Ескенов, Кішкенекөл ауылының тұрғыны:
- 1975 жылы 10 жылдық мектепті бітірдім де, құрылысқа жұмысқа кірдім. 445 «механизированная колонна». Мынау осы екіқабатты үйлердің бәрін қалпына келтіріп, «прораб» болып жұмыс істедім. 20 жылдай жұмыс істеп қалдым, осында пенсияға шықтым. Жолдасым пенсияға шыққан соң есік алдында дүкен салып көрейінші деп, сол өзім құрылысшымын ғой, сол дүкен салдым. Бір жылдан кейін наубайхана салдым. Осы 10 шақты совхоз бізден алады. Күніне 1000-1200 нан пісіреміз.
Ал шаңырақтың ұйытқысы Күлбан апа – шәкірт тәрбиесімен айналысқан ардақты ұстаз. Бүгінде барын бағамдап, өмірлік мектептен алған рухани үлесін кейінгі ұрпаққа беруде. Осылайша, немерелерінің тәрбиесін тасада қалдырған емес.
Күлбан Ескенова, Кішкенекөл ауылының тұрғыны:
- Сол білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек етіп, міне, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Қазіргі таңда үйдемін. Жай қол қусырып отырған жоқпыз. Немерелерге тәлім-тәрбие беріп, оларды еңбекке баулып, сабаққа үйретіп, әртүрлі қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенді жұмыс атқарып жүрген жағдайымыз бар.
Ескеновтер жанұясы 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, бүгінде олардан 11 немере сүйіп отыр. Әр баласы әр салада белсенді. Мәселен, әулеттің тұңғышы Мейірбек – антына адал, сертіне берік жан.
Мейірбек Ескенов, Ұлттық қорғаныс университетінің кафедра басшысы:
- Алматы қаласында жоғары әскери училищені бітірдім. Содан кейін Санк-Петербург қаласында әскери артиллерия академиясын бітірдім. Енді қазіргі кезде Мәскеу қаласында жоғарғы бас генерал штаб академиясын бітіріп, нақты кезде Қорғаныс министрлігінде жұмыс істеп жатырмын. Осы барлығы жетістігіміз – әке-анамыздың тәрбиесі. Өсіп жатқан біздің балаларымызға, ұрпақтармызға осындай тәрбие беруге тырысамыз.
Ал үйдің кенжесі Қуаныш – ризығын жерден тауып жүрген шаруа. Қазір ол үшін қауырт науқан басталды. Себебі ала жаздай баптаған астықты шашау шығармай жинап алуы керек. Сондықтан күндіз-түні қырман басында.
Қуаныш Ескенов, шаруа:
- Өз кәсібім бар. Егінмен айналысамыз. Қазір егін жинау басталды. Егінді алып жатырмыз. Егініміз жаман емес, жақсы. Сол ауылға егін егіп, нан пісіреміз. Кенже баласы болғасын, әке-шешеммен бірге тұрамын.
Ұрпағына адалдық пен еңбекқорлықты дәріптеп жүрген жанұя облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан 30-ға жуық отбасының арасында үздік атанды.
Авторы: Самат Қайырденұлы.